Президенттер қазақ-тәжік қатынастарының қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті
Мемлекет басшысы Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмонмен телефон арқылы сөйлесті, деп хабарлайды Аlmaty.tv Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Президенттер қазақ-тәжік қатынастарының қарқынды дамып келе жатқанын атап өтіп, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықты одан әрі кеңейту перспективасын талқылады.
«Әңгімелесу барысында жоғары деңгейде, соның ішінде Қазақстан Президентінің биыл тамыз айында Тәжікстанға жасаған мемлекеттік сапары аясында қол жеткізілген уағдаластықтарды сапалы түрде жүзеге асыру мәселесіне айрықша мән берілді», - делінген хабарламада.
Қасым-Жомарт Тоқаев Эмомали Рахмонды туған күнімен құттықтап, бауырлас тәжік халқының игілігі үшін атқарып жатқан жауапты мемлекеттік қызметінде жаңа белестерді бағындыра беруіне тілектестік білдірді.
Мемлекет басшысы Тәжікстан Президентінің екіжақты байланыстарды нығайтуға қосқан үлесін жоғары бағалайтынын жеткізді.
Тараптар мемлекетаралық ықпалдастықты достық, стратегиялық серіктестік және одақтастық рухында ілгерілетуге ниетті екенін растады.
Оқи отырыңыз: Тоқаев Сот төрелігінің тиімділігі жөніндегі Еуропалық комиссия басшысын қабылдады