Ораза айт: Мемлекет басшысының атына құттықтау жеделхаттары келіп түсті

Ақорда
Ақорда

Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі мәлімдеді

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына Ораза айт мейрамына орай шет мемлекеттердің басшыларынан және халықаралық ұйымдардың жетекшілерінен құттықтау жеделхаттары келді, деп хабарлайды Almaty.tv Ақордаға сілтеме жасап.

Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев құттықтауында Ораза айт тұтас мұсылман әлеміне ерекше көңіл-күй сыйлайтынын жазып, Алматыдағы бейресми кездесуге жоғары баға берді.

"Әсем қала Алматыда өткен кездесу біздің мәңгі достық, тату көршілік, стратегиялық серіктестік және одақтастық рухындағы байланыстарымызды тереңдете түседі деп сенемін", – деген Өзбекстан Президенті.

Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров Ораза айт мерекесі барша мұсылманға шаттық сыйлап, елдеріміздің ырыс-ынтымағын арттыра берсін деп жылы лебізін жеткізді.

Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон қасиетті мерекенің құндылығы екі ел арасындағы достық пен көпжақты ынтымақтасты дамытуға септігін тигізетініне сенімді екенін атап өткен.

"Ораза айт халықтарымызды тазалыққа, мейірімділікке, қамқорлыққа үндей берсін", – деп жазылған жеделхатта.

Қасиетті Ораза айт мейрамына орай Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов пен Түрікменстан Халк Маслахатының Төрағасы Гурбангулы Бердімұхамедов те ізгі тілегін жолдады.

"Адамзаттың асыл қасиеттерін дәріптейтін мереке алдағы уақытта да елдеріміздің арасындағы қарым-қатынасты дамытуға, достықты нығайтуға ықпал ете беретініне сенімдімін", – делінген Түрікменстан Президентінің жеделхатында.

Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоған адамзатқа тыныштық пен бейбітшілік әкеледі деп үміттенетін қасиетті мейрамда бауырлас халықтардың ынтымағы мен бірлігі нығая беруіне тілектестік білдірді.

Сонымен қатар Мемлекет басшысын БАӘ Президенті Мұхаммед бен Заид Әл Нахаян, БАӘ Вице-президенті, Премьер-министрі, Дубай билеушісі Мұхаммед бен Рашид Әл Мактум, БАӘ Вице-президенті, Премьер-министрдің орынбасары Мансур бен Заид Әл Нахаян, Иордания Королі II Абдалла бен әл-Хусейн, Кувейт Әмірі шейх Мишааль әл-Ахмад әл-Джабер ас-Сабах, Кувейттің Тақ мұрагері Сабах Халид әл-Хамад Ас-Сабах, Оман Сұлтаны Хайсам бен Тариқ, Бахрейн Королі Хамад бен Иса Әл Халифа, Мысыр Президенті Әбдел Фаттах Ас-Сиси, Палестина Президенті Махмуд Аббас, Сомали Президенті Хасан Шейх Мохамуд, Сингапур Премьер-министрі Лоуренс Вонг, Ливия Президенттік кеңесінің төрағасы Мұхаммед Юнус әл-Манфи, Эфиопия Премьер-министрі Абий Ахмед, Татарстан Раисы Рустам Минниханов, Ислам ынтымақтастығы ұйымының бас хатшысы Хиссейн Брахим Таха, ОПЕК бас хатшысы Хайсам әл-Гаис, ИСЕСКО бас директоры Салим бен Мұхаммед әл-Малик құттықтады.

 

Новости партнеров