Қарағанды облысындағы «Абай» шахтасында тәуелсіздік алған жылдардан бері 150-ден астам кенші көз жұмған. Ол туралы Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Оның айтуынша, кәсіпорындар кемшілікті жоймай, айыппұл төлеуді тиімді санайды. Санкциялар мен салынатын әкімшілік айыппұлдар тексерілетін субъектілерге елеулі ауыртпалық салмайды. Іс жүзінде анықталған кемшіліктерді жоюға қаржы жұмсағаннан гөрі, әкімшілік айыппұл төлей салу тиімдірек деген үрдіс қалыптасқан дейді.
«Бұған дейін «АрселорМиттал Теміртау» АҚ нысандарындағы өнеркәсіптік қауіпсіздіктің қанағаттанарлық емес жағдайын бірнеше мәрте айтқан болатынбыз. Инспекторлар тау-кен жұмыстарын жүргізуге, көмір қабаттарын алдын ала газдан тазартуға байланысты қауіпсіздік талаптарының жүйелі түрде бұзылатынын үнемі анықтап жүрді. Тексерулер нәтижесінде сот органдарына көмір шахталарының қауіпті учаскелерінде тау-кен жұмыстарын жүргізуді уақытша тоқтатуға талап-арыздар жолданды», – деді Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин.
Ал Сенат депутаты Мұхтар Құл-Мұхаммед ведомствоға төтенше жағдайлар кезінде жылдам әрекет етуге кеңес берді. Ол өнеркәсіптік қауіпсіздіктің көптеген талабы мен нұсқаулықтары бүгінде ескіріп қалғанын айтты. Соның салдарынан апаттар жиі болды деп сынады.
«Сіздің министрліктің жауапты қызметкерлеріне қарағанда, кейбір төтенше жағдайларға Мемлекет басшысы тез реакция береді. Сіздерге оперативтілік жетіспейді. Болашақта осыны ескеруіңіз керек. Егер сіздер осы заң жобаларын дайындап үлгермесеңіздер, біздің комитет көмектесуге дайын. Оның үстіне, комитетте осы салаға бүкіл ғұмырын арнаған мықты мамандар бар», – деді ҚР Парламенті Сенатының депутаты Мұхтар Құл-Мұхаммед.