Екібастұздағы апаттан зардап шеккен үйлерді жылу электр орталығының басшысы Александр Клебанов өз қаражатына жөндеп беретін болды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Оның сөзінше, қазандықтардағы жұмыс тоқтаған соң, жылу желілері зақымданған. Кәсіпкер жылу электр орталығының ескіргенін, оған жөндеу жұмыстарын жасамағанын мойындап отыр. Ал оның себебін табыстың жоқтығымен байланыстырды. Жергілікті билік құбырлардың ескіргенін біледі.Енді Екібастұздағы жылу электр орталығын қаржыландыру ісіне мемлекет араласуы мүмкін.
«Апаттың себебіне қарамастан біз зардап шеккен үйлерді жөндеуді мойнымызға аламыз. Бүгіннен бастап, кішкентай балалар мен олардың аналарына бірнеше санаторийден орын алып бердік. Осындай жағдайдың болғаны өкінішті. Бірақ барлық шығынды компания жауып береді», – деді «Орталық Азия электр энергетикасы корпорациясы» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы Александр Клебанов.
Вице-премьер Роман Скляр апат жұмысшылардың кесірінен болғанын айтқан еді. Оның айтуынша, қызметкерлердің қателігінен қысым көтеріліп кеткен.
27 қараша күні Екібастұздағы жылу желілерінде 43 жерден жарылыс болған еді. Қаладағы жағдай әлі де тұрақталмады.