Жамбыл облысында тұрғындар қоқыс полигонынан темекі теріп жүр, деп хабарлайды Almaty.tv.
Желіде тараған видеода 100-ге жуық адамның қалдық қазбалап, қорап жинап жүргені анық көрінеді. Кейіннен анықталғандай, бұл Қырғызстаннан контрабандалық жолмен тәркіленген тауар болып шықты. 2 млн темекі қорабы дұрыс жойылмағандықтан, Байзақ ауданының жұрты шылымды 2 тәулік бойы емін-еркін терген. Сот үкіміне сай 2 жүк көлігіне тиелген зат қалалық қаржы бөлімінің еншісіне беріліпті. Ал аталған мекеме мамандары тауардың үстіне ережеге сәйкес кәріз суын төккен. Жұрт сонда да темекіні жиып алған көрінеді. Ал бұған полигон басшылығы жол бермеу керек еді дейді жауаптылар.
«Полигонға бөтен адамдардың кіруіне тыйым салынған. Біз жойған кезде комиссия мүшелері түгел тұрды», – деді Тараз қалалық қаржы бөлімінің сектор меңгерушісі Самал Тұрарова.
Ал полигонға жауапты кәсіпкерлік басшысы, қаумалаған жұртқа шамамыз жетпеді деп ақталды. Олар тіпті полиция шақырып адамдарды қуып шыққан көрінеді. Енді қоқыс теруге мүмкіндік берген полигон басшылығының ісін құзырлы орган қарамақ.
Айта кетейік, Жамбыл облысында заңсыз темекі тасымалы үдеп тұр. Соңғы 4 айда өңірде 4 млрд теңгенің өнімі тәркіленіпті.
«Осы жердегі адамдар қоқыс тергендерді қуып еді, олар бой бермеді. Сосын полиция қызметкерлерін шақыруға тура келді. Полицияның өзі оларды зорға шығарды», – деді қоқыс полигоны басшысының орынбасары Сабыржан Әбжаппаров.
Оқи отырыңыз: Алматыда алаяқ зейнеткердің үйін өз атына аударып алған