Алғыс айту күнінде алматылық жас спортшылар да өздеріне қолдау білдірген әр жанға жылы лебізін білдірді. «Сағадат батыр» клубының мүшелері Жібек Құлымбетова мен Нұрай Алтынбек осыған дейінгі халықаралық жарыстарда атой салып, бірнеше дүркін әлем чемпионы атанған еді. Олар сондай деңгейге жеткізген бапкерлері мен қазақ жанкүйерлеріне рахмет айтып, ризашылығын білдірді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Джиу-джитсудан жасөспірімдер арасында әлемнің 4 дүркін чемпионы Жібек Құлымбетова мен аталмыш спорттың 2 дүркін чемпионы Нұрай Алтынбек осы спорт түрінің қыр-сырын үйреткені және осыған дейінгі жеткен жетістіктері үшін ұстаздарына алғысын білдірді.
Жібек Құлымбетованың джиу-джитсудан бөлек, грэпплингтен де әлем чемпионы деген атағы бар. Ол спортқа небәрі 9 жасында ата-анасының қалауымен келіп, кейіннен өзі қызыға бастаған. Қазір ол халықаралық жарыстарда атой салып, ел қоржынына олжа салып жүрген спортшы. Жібек өзінің бағын ашып, дұрыс жолға сала білген әке-шешесі мен бапкерлеріне алғысын білдірді.
«1 наурыз – береке-бірлік пен ынтымақты арттыратын алғыс күні. Сол үшін алғысымды ең алдымен, Аллаға шүкірлік айтамын. Аллаға мың да бір алғыс. Ата-анама және осындай дәрежеге жеткізген Нұрсұлтан ағайыма көп рахмет айтамын. Нұрсұлтан ағай болмағанда, мен мұндай дәрежеге жетпес едім», - дейді джиу-джитсудан жасөспірімдер арасында әлемнің 4 дүркін чемпионы Жібек Құлымбетова.
14 жастағы Нұрай Алтынбек те болашағы жарқын спортшылардың қатарынан. Ол былтыр Біріккен Араб Әмірліктерінде өткен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында жоғары өнер көрсетіп, 2 мәрте топ жарды. Жас спортшы осы сәтті пайдалана отырып, өзіне жанкүйер болған қазақстандықтарға алғыс білдірді.
«Мен осы спорт түрімен айналыса бастағанымда алғашқылардың бірі болып жаттықтырушым Самат ағай қолдады. Бүгінде мені Елжан Жұмаділов жаттықтырады. Сондықтан бапкерлерім мен отбасыма және джиу-джитсумен айналысатын жандар мен қарсыластарыма алғысымды білдіремін», - деді джиу-джитсудан жасөспірімдер арасында әлемнің 2 дүркін чемпионы Нұрай Алтынбек.
Жас спортшылардың ендігі арманы – осы қарқынмен еңбек етіп, өздері биікке көтерген көк туды көктен түсірмеу.
Мерей Қанапиянов, Медет Саматұлы, «Алматы» телеарнасы