Ақмоладағы автобус апаты: Футбол федерациясы қаза болған бапкердің отбасына көңіл айтты

Іnstagram.com/dfc_athletic
Іnstagram.com/dfc_athletic

Марқұмның отбасына жан-жақты көмек көрсетілетіні айтылды

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қазақстан футбол федерациясының президенті Марат Омаров балалар футболының бапкері Әлібек Жүсіповтің жол апатына түсіп, мезгілсіз қайтыс болуына байланысты қайғырып, марқұмның отбасы мен туыстарына көңіл айту жеделхатын жолдады, деп хабарлайды Аlmaty.tv

«Әлібек Жүсіпов балалар мен жасөспірімдер футболын дамытуға зор үлес қосты. Ол бапкерлік қызметінде талай жас футболшының жолын ашып, отандық футболға адал еңбек етті. Жақсы адам, білікті маман ретінде есімізде мәңгі сақталады. Марқұмның жаны жәннатта, жатқан жері жайлы болсын!» - делінген федерация хабарламасында.

Сондай-ақ Қазақстан футбол федерациясы тарапынан марқұмның отбасына жан-жақты көмек көрсетілетіні айтылды.

Марқұмның өзі жұмыс істеген DFC Athletic балалар футбол клубының ұжымы да ауыр қазаға байланысты көңіл айтып, жазба жариялады.

Еске салайық, жұма күні кешке, 18 сәуірде Ақмола облысындағы тасжолда жас футболшылар мінген шағын автобус аударылып қалған. Салонда 16 бала мен олардың жаттықтырушысы – 34 жастағы Әлібек Жүсіпов болған. Ол оқиға орнында көз жұмды. Зардап шеккен балалар ауруханаға жеткізілді.

Қазіргі кезде бір баланың жансақтау бөлімінде, ал 7 баланың әртүрлі жарақатпен ауруханаға жатқызылғаны айтылды.

Алдын ала мәлімет бойынша, шағын автобус жүк көлігін басып озу кезінде аударылған. 14 пен 16 жас аралығындағы балалар – жас спортшылар елордада өтетін турнирге қатысу үшін бара жатқан.

Полиция жекеменшік спорт мектебінің тәртіп сақшыларына балалар тобының жолға шыққаны туралы хабарламағанын мәлімдеді. Қазір апаттың барлық мән-жайы анықталып жатыр, қылмыстық іс қозғалды.

Оқи отырыңыз: Бір бала жансақтау бөлімінде: автобус апатынан зардап шеккендердің жағдайы айтылды

Новости партнеров