Әлем чемпионатының күміс жүлдесі: Михаил Шайдоров Олимпиадаға жолдама алды

Zhe Ji/Getty Images
Zhe Ji/Getty Images

Қазақстандық спортшы өз мансабындағы ең үздік нәтижесін көрсетті

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Мәнерлеп сырғанаудан Қазақстан құрамасының көшбасшысы Михаил Шайдоров Бостон (АҚШ) қаласында өтіп жатқан әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанды, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі Оlympic.kz-ке сілтеме жасап.

Қысқа бағдарламадан кейін қазақстандық спортшы үшінші орында тұрған еді. Нәтижесінде ол өз көрсеткішін жақсартып, жоғары көтерілді.

«Еркін бағдарламада Шайдоров төрешілердің шешімі бойынша 192,70 ұпай жинады (жеке рекорд). Жалпы есепте ол 287,47 ұпайға (жеке рекорд) қол жеткізіп, жарысты екінші орынмен аяқтады», - делінген хабарламада.

Әлем чемпионатының алтын медалін қатарынан екінші рет америкалық Илья Малинин жеңіп алды – 318,56 ұпай. Ал жапониялық Юма Кагияма үздік үштікті қорытындылады – 278,19 ұпай.

Айта кетейік, Шайдоров ересектер арасындағы әлем чемпионатында өз мансабындағы ең үздік нәтижесін көрсетті. Бұған дейін оның қоржынында жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатының күміс жүлдесі болған. Сондай-ақ, биылғы маусымда ол 2025 жылғы Азия ойындарында қола медаль еншілеп, Төрт құрлық чемпионатында алтын жүлде жеңіп алды.

Мәнерлеп сырғанаушы 2026 жылғы Олимпиада ойындарына қатысу нормативін орындады. Ол үшін спортшы әлем чемпионатында үздік 24 спортшының қатарына енуі қажет болатын.

Қазіргі уақытта ISU тарапынан Олимпиадаға жолдама алған спортшылардың ресми тізімі жариялануы күтілуде.

Оқи отырыңыз: Қазақстандық үш каратэші әлемдік Grand Winner жүлдесіне үміткер атанды

Новости партнеров