Саяхат кезінде Сәрсенбай Қотырашов Қазақстанның тарихы мен мәдениеті туралы әңгімелейді
Тамыз айының басында қазақстандық Сәрсенбай Қотырашов Қазақстаннан Қытайға жаяу сапарын бастады. Атақты саяхатшы бүгін мыңдаған шақырым жол жүріп, Қытай астанасы – Бейжің қаласына жетті, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Ақсақал үшінші жорық сапарын Шығыс Қазақстан облысынан Алтай мен Моңғолия арқылы Қытайға бастады. Қыркүйектің аяғында Моңғолия-Қытай шекарасынан өтіп, қазан айының басында Бейжіңге жетті.
Саяхат кезінде Сәрсенбай Қотырашов Қазақстанның тарихы мен мәдениеті туралы әңгімелейді. Сонымен қатар ол өзі баратын басқа елдердің мәдениеті мен дәстүрімен танысады.
Саяхат арасындағы үзілістерде ақсақал Жезқазғандағы зауытта темір ұстасы қызметін жалғастырады.
Сәрсенбай Қотырашов 2022 жылы жарты жылда Қазақстан бойынша 8 мың шақырым жол жүріп өтті. Былтыр Атыраудан Ыстанбұлға жаяу барды.
"Бүкіл әлемге тыныштық тілеймін. Халықтар арасында бейбітшілік орнасын", - дейді ақсақал.
Саяхатшы келер жылға төртінші сапарын жоспарлап отыр. 2025 жылы ол Солтүстік Америкаға жетіп, Атлант мұхитының жағасынан Тынық мұхитының жағасына дейін жүріп өтпекші.
Айта кетейік, әйгілі қазақ саяхатшысы Сәрсенбай Қотырашовтың әлем бойынша жаяу саяхаты 2023 жылдың 2 тамызында басталған. Ақсақал Қазақстан – Ресей – Грузия – Түркия – Болгария – Сербия – Венгрия – Аустрия – Германия – Франция – АҚШ – Қытай – Моңғолия – Ресей – Қазақстан бағыты бойынша саяхаттауды жоспарлап отыр.
Оқи отырыңыз: Түркістан облысында 74 жастағы қария дүйім жұртты таңғалдырды