Ресейдің шетелге астық пен көлік экспортын тоқтатуы Қазақстанға қалай әсер етеді

Almaty.tv
Almaty.tv
Бұл шектеулер өзге мемлекеттермен қатар, Қазақстан мүшелік ететін Еуразиялық экономикалық одаққа да қатысты болады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Ресей шетелге дәнді-дақылдар мен қант экспорттауды тоқтатты. Бұл шектеулер өзге мемлекеттермен қатар Қазақстан мүшелік ететін Еуразиялық экономикалық одаққа да қатысты болады. Сондай-ақ көрші мемлекет автокөліктер шығаруға да жыл соңына дейін тыйым салып отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Ресей үкіметі өз автокөліктерін шетелге экспорттауға тыйым салды. Бірақ бұл шектеулер Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдерге, соның ішінде Қазақстанға әсер етпейтіні айтылып жатыр. Алайда отандық сарапшылар мұнымен келіспейді. Өйткені көрші мемлекеттегі ірі автокөлік зауыттары жұмысын тоқтатқандықтан, көлікті Қазақстанға жеткізуді айтпағанда, Ресейдің өзінде тапшылық болады дейді мамандар. Тапшылық болған жерде тауар құны өсетіні бесенеден белгілі. Темір тұлпар иелерінің қалтасына ауыр тимес үшін мемлекет тікелей автоөндірушілермен байланыс орнатуы маңызды деп есептейді сарапшы. 

«Сондықтан көліктерді Ресейдің көмегінсіз тікелей өзімізге жеткізу жағын қарастыру керек деп ойлаймын. Ол үшін бізге Ресейді айналып өтіп, Грузия, Әзірбайжан, Түркия елдері арқылы тасымалдаудың басқа жолдарын іздеуіміз керек болады. Бұған әрине, белгілі бір уақыт кетеді әрі бұл қымбатқа түседі. Бірақ оны жасауымыз керек», - деді Тәуелсіз автокөлік одағының төрағасы Эдуард Эдоков.

Бұдан өзге, көрші мемлекет азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан мен өзге де елдерге дәнді-дақыл мен қантты экспорттауға тыйым салып отыр. Белгілі экономист Атамұрат Шәменов Ресейдің бұл шектеуі Қазақстанға керісінше, тиімді болады дейді. Өйткені Ресейден дәнді-дақыл тасымалдай алмай қалған елдер енді бізге жүгініп, сұранысты арттырып жіберуі мүмкін. Ал астық өндіруде еліміздің экспорттық әлеуеті жоғары. Мәселен, былтыр 20 млн тоннадан астам бидай өндірілсе, соның тек 6-7 млн тоннасы шетелге сатылған. Қалғаны өз тұтынушыларымыздың сұранысын толық өтеп отыр. Дегенмен сарапшы тауар өндірушілер тарапынан қиындықтар тууы мүмкін дейді.

«Тауар өндірушілер сыртқы сұраныстарға қызығып, бар тауарын сыртқа жіберіп, өзімізде тапшылық болып қалмас үшін Үкімет мемлекеттік реттеу механизмдері арқылы бидайдың әсіре экспортталып, өте қымбат бағада кетіп қалмауына мән беруі керек», - деді экономика ғылымдарының докторы Атамұрат Шәменов. 

Осы ретте еліміздің Сауда және интеграция министрлігі елдегі қант көлемі 3 айға жететінін мәлімдеді. Қазір ведомство қант жеткізушілерді көбейту және басқа елдерден қосымша сатып алу жұмыстарын жүргізуде.  

«Кез келген мемлекеттен 250 тоннаға дейін алуға болады. Ол уақыттан кейін де жетіспеушілік болады деген қауіп жоқ. Сауда желілерін айналмалы схема арқылы жеңіл кредиттеу арқылы бағаны тұрақты түрде ұстап тұрады. Осы секілді шаралар әкімдіктермен қабылданады», - деді ҚР Сауда және интеграция министрлігінің ресми өкілі Әлішер Өмірзақ.

Азық-түлік бағасының қымбаттауы бүкіл әлемде белең алып жатқанын айта кеткен жөн. Біріккен Ұлттар Ұйымына қарасты азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының шығарған сараптамасында азық-түлік бағасының жаһандық индексі былтырғы ақпанмен салыстырғанда бірнеше есеге өсіп, рекордтық көрсеткішке жеткен.

Әсіресе, дәнді дақыл, өсімдік майы мен қанттың құны шарықтаған. Азық-түлік бағасы наурызда тағы өседі деп күтіліп отыр.

Назкен Еркін, Сағынғали Мұңайтпасов, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров