Еуроодақ Ресейдің банктерін SWIFT жүйесінен шығаруды ұйғарды – Шарль Мишель

Еуроодақ Ресейдің банктерін SWIFT жүйесінен шығаруды ұйғарды – Шарль Мишель
Ресей бүгіннен бастап Нидерландыға газ жеткізуді тоқтатты
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Еуроодақ Ресейдің ең ірі банкін SWIFT жүйесінен шығаруды ұйғарды. Бұл туралы Еуропалық кеңестің басшысы Шарль Мишель айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Сондай-ақ Батыс елдері Ресейлік қара алтынды жеткізуге тыйым салып отыр. Ал Украинада жағдай қиын. Қазір Луганск облысы аумағында қанды шайқас жүріп жатыр. Құрбан болғандар саны аз емес.

Екі ел арасындағы қақтығыстың жалғасып жатқанына 3 айдан асты. Ресей әскері Луганск облысындағы Северодонецкте шабуылды үдетіп, әскери көмекке кедергі келтіруде. Қазір қала Мариупольдің күйін кешіп, қатты соққы астында қалды. Гуманитарлық көмек жеткізіп, тұрғындарды эвакуациялау да қиынға соққан. Ал Ресейдің СІМ бұл әскери операция Донецк пен Луганск облыстарын азат ету мақсатында жасалып жатыр деп түсіндірді.  

«Луганск облысында басқыншылар жергілікті тұрғындардың соңынан келе жатқан көлікке оқ жаудырып, эвакуациялау мүмкіндігін жойды. Атыс нәтижесінде француз журналисі қаза тапты. Ол француз телеарнасында жұмыс істеді. Фредериктің әріптестері мен отбасына шын жүректен көңіл айтамын. Ол 24 ақпаннан бері қаза тапқан 32 журналист», – деді Украина президенті Владимир Зеленский.

Жалпы әскери қақтығыс басталғалы Донецк облысында атыс пен бомбалау салдарынан 450 бейбіт тұрғын қаза тауып, 1185 адам жарақат алды. Мариуполь мен Волновахадағы құрбандардың нақты саны белгісіз.

«Арнайы әскери операция басталғалы бері барлығы 183 ұшақ, 128 тікұшақ, 1064 пилотсыз ұшу аппараты, 325 зениттік зымыран кешені, 3323 танк және басқа да жауынгерлік броньды көліктер, сондай-ақ 3294 арнайы әскери автомобиль техникасы жойылды», – деді РФ Қорғаныс министрлігінің ресми өкілі Игорь Конашенков.

Ал Батыс елдері Мәскеуге қарсы шектеуді күшейтуді жалғастырып жатыр. Еуроодақ басшылары Ресей мұнайына жартылай эмбарго салуға келісті. Санкциялардың 6-пакетін қабылдау туралы шешім Брюссельде өткен саммит кезінде қабылданды. Әзірге жыл соңына дейін теңіз арқылы келетін қара алтынға шектеу қойылмақ.

«Еуропалық Одаққа келетін мұнайдың үштен екісі теңіз арқылы жеткізіледі. Қалғаны құбырмен тасымалданады. Ресей мұнайы жалғыз «Дружба» құбырымен келеді. Оның солтүстік бөлігі Польша мен Германияны, ал оңтүстік бөлігі Венгрия мен Словакияны қамтиды», – деді Еурокомиссия президенті Урсула Фон Дер Ляйен

Ал Ресей бүгіннен бастап Нидерландыға газ жеткізуді тоқтатты. Өйткені бұл мемлекет төлемді рубльмен жасаудан бас тартты деп жазылған дерек көздерінде. Бұған дейін «Газпром» Польша, Болгария және Финляндия елдеріне көгілдір отын жеткізуін доғарған.

Аяулым Көлжігіт, Мақсат Күнібек, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров