Қытайда белгісіз инфекциялық жұқпалы ауру тарап жатыр

Фото видеодан алынды
Фото видеодан алынды
Науқастардың дені – бала
Жаңалықтармен бөлісіңіз

«Тәжді» вирустан енді құтылдық па дегенде, Қытайда белгісіз инфекциялық жұқпалы ауру тарап жатыр. Дерт әсіресе, балалар арасында дендеген, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бейжіңдегі барлық аурухана науқасқа лық толы, күшейтілген режимде жұмыс істеуге мәжбүр. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бұл жағдайға алаңдаушылық білдіріп, ресми ақпарат сұрап отыр. Алайда аспанасты елінің билігі вирус жайлы толық мәлімет жарияламады.

Аспанасты елінің ауруханаларында ем іздеп, сабылып жүргендер саны рекордтық көрсеткішке жетті. Бүкіл әлем бойынша адамдар мен жануарлар арасында жұқпалы дерттің таралуын зерттейтін ProMED қоғамдық бақылау жүйесі қазір Бейжіңде күніне 7 мың адам сырқаттанып жатқанын хабарлайды. Науқастардың дені – бала. Ғалымдар түсініксіз ауруды «пневмонияның белгісіз түрі» деп болжап отыр. Алайда Қытай билігі «бұл тек – жұқпалы респираторлы патоген» дейді. Өйткені, тұмау, КОВИД-19 және түрлі мутациялар араласып, елде эпидемия тудырған. Симптомдары қауіпті емес. Дене қызуы көтеріледі, өкпеде түйіндер пайда болуы мүмкін, қатты жөтел байқалмайды.

Ал БҰҰ 2023 жылды тарихтағы ең ыстық жыл деп хабарлады. Бұл туралы кеше Дубайда өткен Климаттың өзгеруі жөніндегі конвенцияда халықаралық ұйымның Бас хатшысы Антониу Гутерриш мәлімдеді. Ол биыл жаһан жұртшылығы өрт, су тасқыны, жер сілкінісі секілді табиғи апаттан қатты зардап шеккенін айтты. Бұл жағдайдан кейін әлем көшбасшыларын тиісті шараларды қолға алуға шақырды.

Айта кетейік, БАӘ өтіп жатқан халықаралық ауқымды мәселелерді талқылау жиынына Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та қатысып жатыр.

Басқа елдер табиғи апатпен күресіп жатса, қақтығыстан көз ашпаған Газа секторында жағдай әлі де қиын. Бұған дейін Израиль мен ХАМАС уақытша жариялаған бітімгершілік аяқталды. Тараптардың ешқайсысы оны ұзарту туралы ұсыныс айтқан жоқ. Қазір Израиль ХАМАС-ты келісімді бұзды және территориямызды бомбалады деп айыптап отыр. Себебі, бітім уақыты бітуге 1 сағат қалғанда Газа секторынан атылған зымыранды анықтапты.

Айта кетейік, екі жақтың атысты уақытша тоқтату келісімі 24 қарашада күшіне енді. Екі күн бұрын ХАМАС пен Израиль кепілге алынғандардың бесінші тобымен алмасқан еді.

Аяулым Көлжігіт, Рамазан Өмен, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров