Шешімді барлық депутаттар бірауыздан қолдады
Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай соғыс ардагерлеріне берілетін төлемақы көлемі 2,5 есеге артты. Бұл жөнінде Алматы қалалық мәслихатының VIII шақырылымының кезектен тыс XXIX сессиясында айтылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Биыл сұрапыл соғыстың жеңіспен аяқталғанына – 80 жыл. Осыған орай шаһарда ардагерлерге берілетін бір реттік төлемақы көлемі бұрынғыдан 2,5 есеге артпақ. Алматыда тұратын 21 ардагердің әрқайсысына 5 миллион теңгеден берілетін болды. Бұл – жеңіс алып келген батырларға көрсетілген тағзымның бір үлгісі. Сонымен қатар тыл еңбеккерлеріне берілетін жәрдемақы мөлшері де қайта қаралды. Бұрын 50 мың теңге көлемінде төленіп келген көмек енді 100 мың теңгеге дейін ұлғаяды. Мәслихат отырысында қаралған тағы бір мәселе - қамауда отырып, бостандыққа жаңа шыққан азаматтарға 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, шамамен 39 мың теңге бір жолғы әлеуметтік көмек қарастырылады.
«Бұл көмектің басты мақсаты – түзету мекемелерінен босатылып шыққан азаматтарға әлеуметтендіруге өзінің септігін тигізеді. Оларды жұмыспен қамту. Осы шешімге байланысты керекті әлеуметтік көмекке eGov.kz порталы арқылы құжаттарын тапсырады», – деді Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Бауыржан Жаубасов.
Сессияда сөз болған тағы бір маңызды тақырып – Алматының экологиялық даму жоспары. Ел Президентінің бастамасымен қабылданған «Таза Қазақстан» тұжырымдамасы аясында 2025–2029 жылдарға арналған кешенді жоспар таныстырылды. Онда қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауды үйрету, экобілімді нығайту, еріктілер қозғалысын дамыту сияқты үш негізгі бағыт қамтылған. Жалпы саны 45 нақты іс-шарадан тұратын бағдарламада фандоматтар мен экобокстар орнату, сумен жабдықтауды цифрландыру, «Жасыл мектеп» және «Жасыл балабақша» жобаларын іске асыру, сондай-ақ экосабақтар мен қоғамдық акциялар ұйымдастыру көзделген.
«Ең басты назар осы «Таза Қазақстан» бастамасын халық арасында кеңінен насихаттауға бағытталмақ. Енді бұл қосымша қаржы талап етілмей ме деген сұрақ туындайды. Бірақ басқарма басшысы түсіндіріп өткендей, қосымша қаражат бөлінбейді. Жұмыс әрі қарай жалғасады», – деді қалалық мәслихат депутаты Алмат Ахметов.
Сессияда сонымен қатар үй жануарларын ұстау мен серуендетудің жаңа қағидалары бекітілді. Мәслихат сессиясында қабылданған бұл ережелер қаланың тазалығы мен тұрғындардың қауіпсіздігін сақтауға бағытталған. Енді жануарларын қараусыз қалдырғандарға жауапкершілік артады. Қоғамдық орындарда иттерді тек қарғыбаумен және қажет жағдайда тұмылдырықпен алып жүру міндеттеледі. Ал «Еркін серуендеу» және «Жаттығу алаңы» сияқты ұғымдар арнайы белгіленген аумақтарда ғана рұқсат етіледі.
Мәди Мәлік. Ғани Қалуов
Оқи отырыңыз: Алматыда «Таза Қазақстан» тұжырымдамасын жүзеге асыру бойынша іс-қимыл жоспары бекітілді