Келесі процесс мамырдың 5-і мен 6-сына жоспарланған
«Мылтықты Шерзат алып келді. Қайдан алып келгенін түсінген жоқпын». Талдықорғанда өтіп жатқан бүгінгі сот отырысында марқұм Нұрқанат Ғайыпбаевтан алынған жауаптың бейнесі тарады. Жасырын камераға түсірілген видеода жәбірленуші тергеушіге мылтықты інісінің әкелгенін айтқан, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
4 қазанда кісі қолынан қаза болған Шерзат Полаттың өліміне қатысты сот отырысы бүгін де жалғасты. Талдықорғанда өтіп жатқан кезекті процессте әуелі оқиға орнында болған бірқатар куәгерден жауап алынып, олардың түсініктемесі талқыға түсті. Қайғылы жағдайға қатысты өз нұсқасын айтқандардың қатарында Талғат Әшірбаев атты азамат та бар. Сотталушы Шынасыл Абзалды дүкеннің алдына апарып тастаған ол «Шерзаттың ағасының көліктен мылтық алғанын көрдім» дейді. Куә сондай-ақ төбелеске қатысушылардың қандай киімде болғанын да айтып берді. Ал түсінік беру аяқталған соң, жәбірленуші тараптың қорғаушысы мынадай сұрақ қойды:
– Мылтықты көрдіңіз, дұрыс қой? Жерде жатқан тұлғаларды көрдіңіз, біреу емес, екеу. Сол кезде сіз полицияға хабарласуға мүмкіндігіңіз болды ма?
– Иә, болды. Мен қорықтым, шыны керек.
– Неден?
– Маған кесірі тие ме деп.
– Сіз ол жерден бір рет емес, айналып, екінші рет өттіңіз ғой, қателеспесем. Иә?
– Иә.
– Екінші рет өткенде қызығып, не болды деп өткен шығарсыз. Қандай мақсатпен өттіңіз?
– Басылды ма деп көру үшін өткем.
Айта кетейік, «Оқиға орнында болған екі куәнің жауабында шикілік болуы мүмкін» дейді қорғаушылар. Әзірге олардың айтқанына қатысты сот тарапынан қандай да бір пікір келтірілген жоқ, әрі құқықтық баға берілмеді.
«Бұлар Менделеевтің бойымен келе жатады да, 40 жылдамдықпен өтіп кетіп жатады. Бәрін көру мүмкін емес. «Мылтықты алып жатты, атты» дейді. Кроссовкиді айтты, мүмкін емес. Олай жауап беруге бірнәрсе түрткі болды деп санаймыз», – деді жәбірленуші тараптың қорғаушысы Мейірман Шекеев
Бүгінгі сот отырысының бірінші бөлігінде сондай-ақ марқұм Нұрқанат Ғайыпбаевтың тергеушіге берген жауаптары оқылды. Оқиға орнында болған екі қыздың да әрекетін сипаттаған ол «қыздардың бірі көліктен пышақ алып берді» деп мәлімдеді. Кейіннен сол суық қарумен Шерзаттың сол жақ арқа тұсынан соққы жасалған.
«Іштен, ағам Қаржаубай іштен шыға алмай тұрады. Есікті бір қыз жібермей, аяғымен есікті тіреп тұрған. Екінші қыз Мерседес жақта болды. Сол кезде пышақ шыға бастады. Яғни, Мерседес маркалы автокөліктен келген қыздың біреуі автокөліктен пышақ алып, беріп тұрды», – деп оқыды мемлекеттік айыптаушы Дана Сәрсенбай.
Жоғарыда аталғандардан бөлек, процесс барысында марқұм Шерзаттың ағасынан алынған жауаптың бейнесі көрсетілді. Ауруханада жазылған бейнетаспада Нұрқанат Ғайыпбаев тергеушінің сұрағына «мылтықты Шерзат әкелді, қайдан алып келгенін түсінген жоқпын» деп жауап берген. Аталған видеоға қатысты адвокаттар пікір білдіріді.
«Біз оны заңсыз деп санаймыз. Азаматтардың өзі жанынан өтіп бара жатып, шок болып қалып жатыр. Ал ол жарақат алды. Сол кезде жауап алған. Оған сот құқықтық бағасын береді деп ойлаймыз. Жасырын камера қолданған. Ол ескертілуі керек, сондықтан жарамды дәлелдемелер қатарынан алып тастау туралы өтініш білдіреміз», – деді жәбірленуші тараптың қорғаушысы Мейірман Шекеев.
Куәлерден жауап алынған сот отырысы бүгін осылай аяқталды. Келесі процесс мамырдың 5-і мен 6-сына жоспарланған.
Мадина Оқас, Мирас Анитов, Талдықорған
Еске салайық, Нұрғанат Ғайыпбаевтың түсініктемесі оқылды
Дана Жақсыгелді сотталушылардың қолынан пышақ пен мылтық көргенін айтты
Нұрбекованың тергеу кезіндегі жауаптары талқыланды
Қаржаубай Нұрымов оқиғаның қалай басталғанын айтты
Шерзаттың анасы оқиғанын қалай болғанын айтты
Судья отырысты Талдықорғаннан Алматыға көшіруден бас тартты
Нұрқанат Ғайыпбаевтың жанжал барысында қандай жарақат алғаны айтылды.
Шерзаттың әпкесі айыптау актісімен келіспейді
2024 жылы 4 қазанда төбелестен 16 жастағы жасөпірім қайтыс болды.
2024 жылдың 12 қазанында қара жамылған отбасының үйі өртеніп кетті. Алматы облысының Полиция департаменті бөтеннің мүлкін қасақана жою фактісі бойынша іс қозғады.
2024 жылдың желтоқсанда Талғар маңында Шерзат Полаттың ағасы өлі табылды.
Биыл ақпанда Шерзат ісіне қатысты қылмысты тергеу аяқталды. Қылмыстық іс 62 томнан тұрады. Тергеу барысында 40 сот сараптамасы жүргізіліп, шамамен 200 куәгерден жауап алынған.