Қарақұрт қаптап кетті: әкімдік ақпаратты жоққа шығарды

Шаруа Жексенғали Өмірәлиев жыл сайын қайталанатын жағдайдан сабақ алмайтын шенеуніктерге ренжулі

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Атырау облысы Индер ауданында қарақұрт қаптап, төрт түлікке қырғидай тиіп жатыр. Улы жәндік далалық жерден бөлек, ауыл мен саябақта да өріп жүр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Шаруа Жексенғали Өмірәлиев жыл сайын қайталанатын жағдайдан сабақ алмайтын шенеуніктерге ренжулі. Өйткені алқапты айтпағанда аудан орталықтарындағы саябақ пен тұтас ауылда улы жәндік өріп жүр. Қазір қарақұрттан қорқатын көпшілік үреймен өмір сүреді. Өйткені улы жәндік адам өміріне қаупі жоғары. Ал шаруалар бұл ретте ауыл азаматтарына мемлекет тарапынан қолдау керек деп дабыл қағып отыр.

«Биыл шаруаларға қарақұрт зиянын тигізетін қаупі бар. Былтыр қарайған түйе өлді, жылқы өлді. Мал емес, адамға да қауіп төндіріп тұр», – деді шаруа Жексенғали Өмірәлиев.

Еске салайық, былтыр ауданда 130-ға тарта малды қарақұрт шағып, 17 түйе, 8 ірі қара мен 5 жылқы сеспей қатқан. Бір қызығы, қарақұрт қаптап, шаруалар шырыл қағып жатса да, жергілікті билік «биыл қарақұрт жоқ» дегенді алға тартып әлек. Әкімдіктегілердің сөзінше, азаматтардың айтқаны шындыққа жанаспайды. Сөйте тұра, бөлім басшысы «өңірде қарақұртпен күрес күшейді» деп жауап берген.

«Индер ауданы бойынша 2025 жылдың осы кезеңінде қара құрттың шығу фактісі тіркелген жоқ. Қазіргі уақытта жергілікті атқарушы органдардың ұйымдастыруымен қара құрт ошағын жою жұмысы қолға алынды. Көтеріліп отырған мәселе бойынша аудан әкімдігі тарапынан қара құртты аса қауіпті зиянкес қатарына тіркеу үшін АО әкімдігі мен салалық басқармаға ұсыныс жіберілді», – деді Индер аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Мәмбетқали Құсайынов 

«Биыл қарақұрт жоқ» деген әкімдік аймақта белгілі бір аумақтардың қоршалып, залалсыздандыру жұмыстарының жүргізіліп жатқанын айтты. Бірақ бұл мақсатта бюджеттен қаражат қарастырылмапты. Бұған аталған улы жәндіктің ресми түрде қауіпті деп саналмайтыны себеп екен. Ал алда-жалда ауырған адам, қырылған мал көбейсе, қандай шара қабылданары әзірге белгісіз.

Жұлдыз Қайратқызы, Атыраудан

Оқи отырыңыз: Күрішке зияны жоқ: ғалымдар жапондық гербицидті сынақтан өткізіп жатыр

Новости партнеров