марқұм Шерзаттың ағасы тергеуде берген жауабында «өзінің қолында қару болды» деген пікірді жоққа шығарыпты
«Чика бұйрық бергеннен кейін төбелес басталды». Шерзат Полаттың өліміне қатысты өтіп жатқан Талдықорғандағы сот отырысында бүгін Нұрғанат Ғайыпбаевтың түсініктемесі оқылды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Марқұмнан тергеу кезінде жазылып алынған бұл мәліметтерде оқиға орнында болған екі қыздың да әрекеті сипатталады. «Қыздардың бірі көліктен пышақ алып берді» деген Ғайыпбаев кейіннен сол суық қарумен Шерзаттың арқа тұсынан соққы жасалғанын айтқан.
Айта кетейік, бүгінгі процесс барысында алдымен 4 куәгерден жауап алынды. Кейіннен марқұм Нұрғанат Ғайыпбаевтың түсініктемесін мемлекеттік айыптаушы оқып берді.
«Ағам Қаржаубай іштен шыға алмай тұрады. Есікті бір қыз жібермей тұрған, аяғымен есікті тіреп тұрған. Екінші қыз машина жақта болды, Мерседестің қасында. Сол кезде пышақ шыға бастады. Яғни, Мерседес маркалы автокөліктен келген қыздың біреуі автокөліктен пышақ алып шығып беріп тұрды», – деді мемлекеттік айыптаушы Дана Сәрсенбай.
Сондай-ақ марқұм Шерзаттың ағасы тергеуде берген жауабында «өзінің қолында қару болды» деген пікірді жоққа шығарыпты. Оның сөзінше, негізгі төбелес Чика есімді жігіттің бұйрығынан соң басталған. Әзірге оның кім екені белгісіз. Ал жәбірленуші тараптың қорғаушысы Ғайыпбаевтың түсініктемесіндегі азаматқа қатысты мынадай пікір білдірді.
«Қылмыстық-қудалаушы орган өзінің тиісті бағасын берген. Әркімнің жауабына сай және ол айыптау актісі бойынша күдікті деп танылмайды. Нұрқанаттың жауабына қарап отырсаңыздар «делайте» деген адамның төбелеске қатысқаны туралы айтып тұрған жоқ. Иә, ол сөзді айтқан, одан куә ретінде жауап алынған», – деді жәбірленуші тараптың қорғаушысы Мейірман Шекеев.
Еске салайық, Дана Жақсыгелді сотталушылардың қолынан пышақ пен мылтық көргенін айтты
Нұрбекованың тергеу кезіндегі жауаптары талқыланды
Қаржаубай Нұрымов оқиғаның қалай басталғанын айтты
Шерзаттың анасы оқиғанын қалай болғанын айтты
Судья отырысты Талдықорғаннан Алматыға көшіруден бас тартты
Нұрқанат Ғайыпбаевтың жанжал барысында қандай жарақат алғаны айтылды.
Шерзаттың әпкесі айыптау актісімен келіспейді
2024 жылы 4 қазанда төбелестен 16 жастағы жасөпірім қайтыс болды.
2024 жылдың 12 қазанында қара жамылған отбасының үйі өртеніп кетті. Алматы облысының Полиция департаменті бөтеннің мүлкін қасақана жою фактісі бойынша іс қозғады.
2024 жылдың желтоқсанда Талғар маңында Шерзат Полаттың ағасы өлі табылды.
Биыл ақпанда Шерзат ісіне қатысты қылмысты тергеу аяқталды. Қылмыстық іс 62 томнан тұрады. Тергеу барысында 40 сот сараптамасы жүргізіліп, шамамен 200 куәгерден жауап алынған.