Биыл Алматының Бостандық ауданында ұзындығы 30 шақырымнан асатын 26 көше жөнделеді. Бұл туралы халықпен жүздескен қала әкімі Ерболат Досаев айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Шаһар басшысы баяндамасында былтыр 30 мың шаршы метр жол төсемі қалпына келтірілгенін айтып, биыл да бұл шаруа жалғасын табады деді. Сондай-ақ 24,4 шақырым арық желісі салынатынын тілге тиек етті. Мегаполис әкімі қоғамдық көлік қызметін жақсарту мақсатында биыл 8 маршруттағы жылжымалы құрам санының 18 автобусқа көбейетінін айтты. Сонымен қатар ауданда тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін былтыр 26 «Сергек» аппараттық-бағдарламалық кешені және 1 100 бейне-мониторинг жүйесі орнатылған.
«Инклюзивті орта құру мақсатында биыл мамырда 5 жер үсті және 12 жерасты жаяу жүргіншілер өткелін күрделі жөндеу, лифтілер мен көтергіштерді модернизациялау жұмыстары басталады. Жұмыстар 2025 жылдың соңына дейін аяқталады, бұл мақсатқа 1,9 млрд теңге бөлінеді, – деп хабарлайды Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев.
Аудан тұрғындарын сумен және су бұру жүйесімен қамтамасыз ету үшін былтыр 9 көшедегі 8,9 шақырым инженерлік желі реконструкцияланған. Жыл соңына дейін тағы 4 көшеде 6,2 км құбыр тарту жұмыстарын аяқтау жоспарланды. Бұл шаруаға 3,4 млрд теңге бөлінген. Сондай-ақ шаһар әкімінің сөзінше, биыл мамырда Нұрлытау шағынауданындағы 62 км сумен жабдықтау және 34 шақырым су бұру желілерін салу жобасы бойынша мемлекеттік сараптама қорытындысы шығады. Қала басшысы ауданды жылумен қамту жүйесіне де тоқталды. Былтыр мұндағы 7 көшеде 5,4 км желіні жаңғырту жүргізілген. Ерболат Досаев «биыл жылу маусымы аяқталғаннан кейін Бостандықтағы 7,1 шақырым жылумен жабдықтау желісін және 2 сорғы стансасын реконструкциялау бойынша 15 жоба іске асады» деді. Сонымен қатар мегаполис әкімі ауданды жарықтандыру мәселесі шет қалмайтынын айтты.
«Алатау Жарық Компаниясы» акционерлік қоғамымен бірге сіздердің аудандарыңыздағы тозығы жеткен электр желілерін модернизациялау бойынша белсенді жұмыс атқарылуда. Ауданды тұрақты электрмен қамтамасыз ету үшін 2024 жылы Мыңбаев, Жароков, Кекілбайұлы көшелері мен Гагарин даңғылындағы 26 км электр желілері реконструкцияланды. Биыл Ремизовка шағынауданынан бастап Ерменсай шағынауданына дейін тағы 16,1 км электр желілерін салу жоспарда бар», – деді қала әкімі.
Оқи отырыңыз: «Таулы аймақта құрылысқа рұқсат бермегенім үшін көп жау таптым» – Ерболат Досаев