Жаңа шығарылым кейіпкері – Алматы хайуанаттар бағының приматтар бөлімінің жетекшісі Шолпан Әбдібекова
Almaty TV арнасында «Шаһар шырайы» арнайы жобасы көрсетіле бастады. Жобаның басты мақсаты – өз өмірін сүйікті ісіне арнаған, кәсібилігімен, еңбекқорлығымен қоғамның дамуына үлес қосып жүрген жандарды көрсету, таныту.
Шолпан Абдибекова өз мамандығына 28 жылын арнаған екен. Оның ішінде үш жыл ветеринар дәрігер болып қызмет атқаса, кейінгі 25 жыл бойы Алматы хайуанаттар бағының приматтар бөлімін басқарып келеді. Осы уақыт ішінде Шолпан өз саласының білгірі болып қана қоймай, қамқорлығындағы жануарлардың нағыз досына айналған.
Приматтармен жұмыс істеу деген оларды тамақтандырып, күтіп-бағу ғана емес. Шолпан көп адамның бұл мамандықтың қиындығын түсіне бермейтінін айтады.
«Көпшілікке бұл оңай жұмыс көрінеді: жануарға тамақ беріп, сылап-сипап қойсаң, болды деп ойлайды. Ал шындығында, бұл әлдеқайда күрделі жұмыс», – дейді ол.
Ол үшін ең қуанышты сәт – жануарлардың төлдегені, бірге серуенге шыққаны, өзін көргенде қуанып қалатыны. Дегенмен адам баласы сияқты, жануарлардың да ауырып қалатын кезі болады, ондайда олар ерекше күтімге зәру.
Приматтар балалы болғанда, Шолпан жаңа қиындықтарға тап болып жатады.
«Кейде аналық жануар баласын емізе алмайды, сондай кездері күні-түні қолдан тамақтандыруға мәжбүр боламын. Ең қиыны – кішкентай жануарды күту», – дейді ол.
Алматы зообағының бірегейлігі сонда, мұнда өз ісін шынымен жақсы көретін адамдар жұмыс істейді.
«Өз жұмысын жақсы көріп істесе, адам өзіне ғана емес, айналасындағының бәріне қуаныш сыйлай біледі», – деп атап өтті Шолпан.
Оның өз ісіне адалдығы мен жануарларға деген қамқорлығы Алматы хайуанаттар бағын ерекше орынға айналдырып тұратындай, өйткені бұл жерге келетін әрбір адам жануарларға деген мейірім мен қамқорлықты сезіне алады. Шолпан Әбдібекова – тек приматтар бөлімінің жетекшісі ғана емес, олардың амандығы мен денсаулығының кепілі де.
Айта кетерлігі, 2024 жылы Алматы хайуанаттар бағына келушілер саны рекордтық көрсеткішке жетті. Соңғы 37 жылда алғаш рет жылдық келушілер саны 1 097 236 адамға жетті.
Өткен жылы жалпы келушілердің 250 мыңы хайуанаттар бағына тегін кірген. Мұндай мүмкіндік 6 жасқа дейінгі балаларға, балалар үйлері мен мектеп-интернат тәрбиеленушілеріне, көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға (аудан әкімдіктерінің сұранысы бойынша), сондай-ақ зейнеткерлер мен мүмкіндігі шектеулі адамдарға берілді.
Жаңа рекордқа хайуанаттар бағының танымал бола түсуі себеп болған, демек, зообақ табиғатты, отбасылық демалысты ұнататындарды көбірек тартатын орынға айналды.
Сондай-ақ хайуанаттар бағын дамыту аясында оны халықаралық стандарттарға сай жаңғырту және қайта құру жоспарланып отыр. Биыл жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеуге байқау жарияланады, ал барлық рәсім аяқталғаннан кейін, 2028 жылға дейін кезең-кезеңімен жаңғырту жұмыстары басталады.
Айта кетсек, Almaty TV телеарнасында «Made in Almaty», «Алматы көшелері» «Экономика жаңалығы» және «Қала тынысы» сияқты бірқатар жаңа бағдарлама мен жаңалықтар айдары жарық көрді. Жуырда «Алматы аудандары» және «Кері байланыс» жобаларын шығару жоспарда бар.
«Шаһар шырайы» жобасының бұған дейінгі кейіпкерлері Алматы ТЖД диспетчері Саниям Гуламова, Қазмемцирктің артисі Батыр Жанұзақ, метеоролог Гүлнұр Әлиева, «Алматы Су» холдингінің слесарь-механигі Назымбек Қалиев, шаңғы инструкторы Олжас Мыңбаев, экоблогер Меруерт Салықова, Алматы метрополитені электр депосының маманы Мәди Асаубаев, құрылысшы Қадырбек Ижанов және «Алматы Тазалық» механизаторы Дастан Жақия болған еді.