Жаңа саябақтар, жағалаулар мен скверлер: Алматының Алатау ауданы қалай түрленіп жатыр

Қала әкімдігінің баспасөз қызметі
Қала әкімдігінің баспасөз қызметі

Кездесу барысында қала әкімі 2025 жылға арналған жоспарын да айтты

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алатау ауданы тұрғындарымен кездесу барысында Алматы әкімі Ерболат Досаев ауданның қоғамдық кеңістіктерін дамыту және көркейту жұмыстары туралы айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.

2024 жылы ауданда үш жоба жүзеге асырылып, аудан көркейе түсті. Соның бірі – Қарасу шағынауданында 10,7 гектар аумақта сквер мен жаяу жүргіншілер аймағын көріктендіру. Бұл жерде шағын сәулет пішіндері, көше жиһаздары мен демалысқа арналған беседкалар орнатылып, жарықтандыру жаңартылып, жаңа жасыл желектер отырғызылды.

Сондай-ақ Дарабоз шағынауданындағы мешіт маңында 6,2 гектар аумақты қамтитын саябақ салынды және «Боралдай» өзенінің жағалауындағы 24 гектар жер көріктендірілді.

Бұған қоса, 2024 жылы 6 қоғамдық кеңістікте ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жалпы құны 2,6 млрд теңгеге автосуару жүйелері орнатылды.

Кездесу барысында қала әкімі 2025 жылға арналған жоспарын да айтты.

«2025 жылдың маусымында «Өжет» шағынауданындағы 16 гектар аумақтағы тоған маңын көркейту жобасын аяқтауды жоспарлап отырмыз. Жоба аясында жасыл желектер отырғызу, жаяу жүргіншілер аймақтарын жасау, спорт және балалар алаңдарын салу көзделіп отыр», – деді Ерболат Досаев.

Сонымен қатар, «Халық қатысатын бюджет» (ХҚБ) бағдарламасы жалғасып келеді. 2024 жылы осы бағдарлама аясында 45 жоба жүзеге асырылып, оның ішінде 24 қоғамдық кеңістік пен 10 аула көркейтілді.

«2025 жылы қала бюджетінен тұрғындар ұсынған 570-тен астам ұсыныстың ішінен таңдалған 50 жобаны жүзеге асыру үшін 2,5 млрд теңге бөлінді. Биыл наурыз бен қыркүйек аралығында 31 қоғамдық кеңістік, 16 аула аумағы көркейіп, көше жарығын жаңарту бойынша 3 жоба жүзеге асырылады», – деді Алматы әкімі.

Айта кетейік, Алматыда 2024 жылы ХҚБ аясында 364 жоба жүзеге асырылды. 2019 жылмен салыстырғанда 2024 жылы алматылықтардан түскен өтініш саны 18 есе артқан. Бағдарламаның тиімділігі мен тұрғындардың белсенділігін ескере отырып, Алматы әкімі Ерболат Досаев 2024 жылы қаржыландыруды 18,8 млрд теңгеге дейін ұлғайтты, бұл 2023 жылмен салыстырғанда 5,8 млрд теңгеге артық.

Оқи отырыңыз:  Алматының Алатау ауданында тағы бір дәрігерлік амбулатория ашылады

Новости партнеров