Қызмет бабында қаза тапты: Жамбыл облысында полицейді соңғы сапарға шығарып салды

polisia.kz
polisia.kz

ПД бастығы Ішкі істер министрі Ержан Сәденовтің көңіл хатын оқып берді

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Жамбыл облысында қызмет бабында қаза тапқан полицейді ақтық сапарға шығарып салды, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Жамбыл жұртшылығы Жуалы ауданында республикалық маңызы бар тасжолда қызметтік міндетін орындау кезінде жол-көлік оқиғасынан қаза тапқан полиция аға лейтенанты Нұржан Дунбаевты ақтық сапарға шығарып салды.

Марқұмның жаназасына туған-туыстары мен жақындарынан бөлек, Жамбыл облысы полиция департаментінің бастығы Бақытжан Малыбаев, әріптестері мен достары қатысты.

Қайғылы жағдайға ортақтасқан ПД бастығы Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрі Ержан Сәденовтің көңіл хатын оқып, министрліктің марқұмның отбасына қайғырып көңіл айтатынын және мемлекет тарапынан үнемі қолдау көрсетілетінін жеткізді.

– Қызмет үстінде опат болған әріптесіміздің қазасы қабырғамызды қайыстырды. Біз бүгін кәсіби біліктілігімен ерекшеленген, өз ісіне адал, айналасына сыйлы азаматты соңғы сапарға шығарып салып отырмыз. Нұржан Батырбекұлы өңірдегі қауіпсіздікті қамтамасыз етуде, қоғамдық тәртіпті сақтауда үлкен еңбек сіңірді. Оның болашақта да халқына берер пайдасы мол еді. Артында қалған жұбайы мен балаларына қолдау көрсетіп, қамқор болатынымызға сендіргім келеді. Оның жарқын бейнесі мен елге сіңірген еңбегі мәңгілік жадымызда сақталады. Арты қайырлы, жаны жаннатта болсын, – деді Бақытжан Малыбаев көңіл айтып.

Қызметтік жолында жауапкершілікті абыроймен атқарған Нұржан Дунбаев әр жылдары көрсеткен жетістіктері үшін "Қазақстан полициясына – 30 жыл" төсбелгісімен, “Ішкі істер органдарындағы мінсіз қызметі үшін” медалімен және ҚР Ішкі істер министрі мен облыстық полиция департаменті бастығының бірқатар марапаттарымен наградталған болатын.

Марқұмның жаназасы өзі туған Шайқорық ауылында өткізілді. Ел есінде адал қызметімен, биік адамгершілік қасиеттерімен сақталып қалатын Нұржан Дунбаевтың жарқын бейнесі жүректерде мәңгілікке қалады.

Оқи отырыңыз: Алаяқтар енді Димаш Құдайбергеннің есімін пайдаланып, жұртты алдауға көшкен

Новости партнеров