Наурыз мейрамының ең басты идеясы – тазалық

Дана халқымыз Наурыз қарсаңында болатын кез келген табиғат құбылысын, ауа райындағы өзгерістерді тек жақсылыққа балаған

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қазақ халқы «Наурызнама» тұжырымдамасына сәйкес Ұлыстың ұлы күнін қатарынан екі жыл он күн бойы тойлап келеді. Ізгі амал – Көрісуден басталатын, Тазару күніне дейін жалғасатын мейірімге толы мерзімде дәстүр дәріптеледі, әдет-ғұрып барынша насихатталады. Ал көне мейрам тарихы қай кезеңдерге тиесілі? Наурызда неге аса мән берген жөн? Almaty.tv тілшісі зерттеп көрді.

Көктем туа Наурыз келер, Күн менен түн теңелер! Тарихы тым тереңде жатқан ізгілік пен мейірім мейрамының «Наурыз» деп аталуы да бекер емес. Көпшілік оның парсы тілінен аударғанда «жаңа күн» деген мағына беретінін біледі. Қызығы сол, бұл мейрам қарсаңында қазақ даласында ертеден бері тыныштық орнап, жаугершілік айқастар тоқтап, ұрыс-керіс, барымта азайған. 

 «Наурыз мейрамы діни мереке емес. Ислам діні пайда болғаннан бұрын, жобалап айтсақ 4000 мың жылдай бұрын мейрам дүниеге келді деп айта аламыз. Мейрамда ұлы далада да, басқа елдерде де соғыс тоқтаған, бұрын араздасып қалған адамдар татуласқан. Наурыз – жарқын болашақтың бастауы деп есептелген», – деді тарих ғылымдарының докторы, профессор Зиябек Қабылдинов.

Дана халқымыз Наурыз қарсаңында болатын кез келген табиғат құбылысын, ауа райындағы өзгерістерді тек жақсылыққа балаған. Мәселен «қар жауса, құт келеді» деп, игілікке теңестірген. Тіпті аңыздарда да қыздың сұлулығын Наурыздың жұмсақ, таза, үлпілдеген ақ қарымен салыстыра бейнелеп отырған. Тұжырымды белгілі этнограф, қолөнер шебері Бұлбұл Кәпқызы да растайды. Ол мейрам қарсаңында ұмыт болған дәстүрлерді еске түсіріп, заманға сай жаңғырту керек екенін де айтады. 

 «Наурыз күні қар жауса, Алланың нұры жауды» дейді. «Көгершін келіп қонса да, бақыт құсы келді» деп біледі. Наурыз «жаңа күн» деген сөз ғой, ағаштар бүрленіп, көк шығып жатыр. Наурызда ағаштың түбіне ақ құяды. Өссін, көбейсін деген ниет», – деді этнограф Бұлбұл Кәпқызы.

Зерттеушілердің бір бөлігі мейрамның сәнін келтірген Наурызнаманың әр күнін тақырыпқа бөліп тойлаудың ерекшелігі көп екенін жеткізді. Себебі бастама ұлттық құндылықтарды жастардың бойына жиып қана қоймай, ақты – ақ, қараны – қара деп танылуына септігін тигізеді. Мәселен осы кезде тарихи деректер қайта қаралып, кейбір өзгешеліктер қалыпқа келтіріледі. Оған көрнекті этнолог Ахмет Тоқтабайдың ұлттық тағам түріне қатысты айтқаны дәлел.

 «Ең бір керемет тағам – тары. Қазақтың наны – тары. Бұл туралы өткен ғасырда жазған, тары адамды семіртпейді, күш-қуат береді, дәрі. Ақ тарының атасы – Шығанақ Берсиев «тарының бір дәні бидайдың бес дәнінен» кем емес дейді. Демек, оның қуаттылығы, сіңімділігі, күш калориясының мықтылығынан айтып тұр, – деді тарих ғылымдарының докторы, профессор Ахмет Тоқтабай.

Ал мейрам мәртебесін көтере думандатқан ел осы күндері неге аса мән беруі керек? Сауалға тарихты зерттеген мамандар жауап берді.

 «Наурыз мейрамының ең басты идеясы – тазалық. Сондықтан ескі нәрсенің барлығын өртеп, жаңа дүние алады. Қазақтар бұрын ескі киімдерін өртеп, жаңа жылда жаңартқан», – деді тарих ғылымдарының кандидаты Жомарт Жеңіс.

ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұралар тізіміне енген бұл мейрамын Әзірбайжан, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Түркіменстан, Түркия мен Иран сынды бірнеше мемлекет кең көлемде атап өтеді. Бастысы бағдарламалардың мән-мағынасында аса өзгешелік жоқ. Ынтымақты күшейтеді, ұлттық идеологияны қалыптастыруға, дәстүрді қайта жаңғыртуға септеседі.

Рүстем Айткәрім, Ғани Қалуов

Оқи отырыңыз: Көнек, үкіаяқ:  қазақтың ұлттық бұйымдары туралы не білесіз

Новости партнеров