Биыл – ел Егемендігінің 30 жылдығы. Мерейлі һәм маңызды бұл оқиға Қазақстанның жаңа тарихының басталуы еді. Соның бірі – жер-жердегі қандас бауырлардың Атамекенге, атажұртқа оралуы. Дәл осы күні, яғни 1991 жылдың 18 қарашасында қабылданған қаулыға сәйкес, әлемнің әр түкпіріндегі қаны бір ағайынды туған өлкеге тарту жұмысы қарқынды жолға қойылған еді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
«Ұрпақ қамын ұлт тағдырымен байланыстырсақ деген арман болды». Егемендік ала салысымен елге оралған алғашқы лек осылай дейді. 1991 жылдың 18 қарашасында қабылданған қандастарды көшіріп алу туралы қаулыдан соң бірінші боп шекарадан бері қарай қадам басқандар Моңғолия қазақтары еді. 83 мыңға тарта адам көшіп келген осы ұлы көштің куәсі – Ботагөз Уатқан. Сол кезеңдерде Моңғолия үкіметімен тығыз байланыс орнатқан мемлекеттік қызметкер «Қазақ бауырларымның атажұртқа қайтуы аса айрықша, ешқашан естен өшпейтін оқиға болды» дейді.
«Күніне 12 ұшақ, жүзден астам «КАМаз» кірген кезде, моңғолдардың өздері «Қандай бақыттысыңдар! Өз елдерің бар, керемет ұлт екенсіңдер!» деп сүйсінген еді. Қазір еліміз Тәуелсіздігін алған 30 жылдың ішінде миллионнан астам қандасымыз көшіп келген болса, соның жүз мыңнан астамы – Моңғолия қазақтары. Соның тек 75 мыңы –1991 жылы алғаш көшіп келген ағайындар», – деді II дәрежелі «Достық» орденінің иегері Ботагөз Уатқан.
Жаһан жұртында қиырдағы қандасына қол созған 3 мемлекет бар. Сол қатарда Германия, Израильмен қатар тұратын ел – Қазақстан Республикасы. Егемендікке жетіп, алпауыт елдердей иық тіресе батыл қабылданған шешімнің нәтижесінде 30 жылда 1 млн 86 200 қазақ Ата жұртына оралды. Бұл – елдің экономикалық, демографиялық, мәдени, һәм саяси тұрғыда алға жылжуының бастамасы болды.
«Қазақ елі өз тәуелсіздігін жариялады дегенді естіген кезде, қуанышымыз қойнымызға сыймай, бөркімізді аспанға атып, жүрегімізді алып, жұмысымызды, үй-баспанамызды сол Ұланбатыр қаласында қалдырып, атажұртқа оралған алғашқы қазақтардың бірімін», – деп еске алады Абай атындағы ҚазҰПУ физика ғылымдарының докторы, профессор Досан Баймолда.
«Алғаш келгенде ештеңеге таңырқаған жоқпыз, солай болуы тиіс деп қабылдадық. Тағдырымызға осы бақыт жазылған екен ғой деп түсіндік. Келе сала жергілікті жұртпен қоян-қолтық араласып кеттік», – дейді Алматы облысының тұрғыны Бақыт Қалиасқар.
Содан бері де отыз жыл өтті. Елім деп келгендер еңбекке араласты, егемен елдің ертеңінің кірпішін қаласты. Бүгінде қиын кезде қауым боп келген қандастар Тәуелсіз Қазақстанның тарихи куәсі, келешек іргетасына айналып отыр.
Айта кету керек, жуырда өткен Ұлттық кеңестің алтыншы отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 18 қарашаны атаулы күндер қатарына енгізуді тапсырған еді. Сол 1,5 миллионнан аса азаматтың 28,3 пайызының Алматы облысына тұрақтағаны да біз үшін биік көрсеткіш.
Мадина Оқас, Сағынғали Мұңайтбасов, «Алматы» телеарнасы