Байқоңыр ғарыш кешеніне Ресей тарапынан берілетін қаражаттың бір бөлігін жергілікті тұрғындардың денсаулығын жақсартуға беру керек. Сенат отырысында депутат Мұрат Бақтиярұлы осындай ұсыныс айтты. Алайда Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин бұл мәселеге қатысты қазір тұрғындарды жұмыспен қамту мүмкіндігі қарастырылып жатқанын жеткізді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин «Байқоңыр» ғарыш айлағында «Бәйтерек» ғарыш зымыран кешенін құру туралы заң жобасын таныстырды. Бұл жобаға Қазақстан тарапы 90 млрд теңге, ал Ресей тарапы 916 млн доллар жұмсауды жоспарлап отыр.
«Хаттама «Бәйтерек» ғарыштық ұшыру кешенінен 10 жыл ішінде Ресей тарапынан кемінде жылына екі ұшырылым қамтамасыз етуге кепілдік береді. Бұл болашақта кешенге салынған кепілдік инвестицияны қайта өңдеп алуға мүмкіндік береді», – деді ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин.
Осы тұста депутат Мұрат Бақтиярұлы зымырандарды көктемде ұшырмауды сұрады. Онымен қоса, Байқоңыр қаласы мен ғарыш кешені Ресейге ұзақ жылдарға жалға берілгенін айта келе, осы үшін жылына Қазақстан бюджетіне 115 млн доллар көлемінде қаржы түсетініне тоқталды. Ол бұл қаражаттың бір бөлігін жергілікті тұрғындардың денсаулығын жақсартуға жұмсау керек деді.
«Статистикаға сүйенсек, осы аймақтағы тұрғындар арасында соңғы 15-20 жылдың ішінде қан-тамырлары аурулары көбейген. Бала туу жасындағы әйелдердің 60 пайызы анемиямен ауырады. Шала туылған сәбилер көбейіпті. Бұған кезінде аса улы отын гептилмен ұшатын «Протон» зымырандарында болған апаттардың үлкен әсері болды», – деді ҚР Парламенті Сенатының депутаты Мұрат Бақтиярұлы.
Ал министр Бағдат Мусин жоспар бойынша халыққа көмекті ақшамен емес, жұмыспен қамту арқылы беретінін айтып отыр.
«Бәйтеректі» салу кезінде қомақты сома бөлініп жатыр. Сол инвестицияның 25-30 пайызы – қазақстандық өнімдер. Құрылысқа қазақстандық компаниялар тартылатын болады. Осылайша, экономикаға жұмыс істейді. Байқоңырдың жанында жұмыс істейтін адамдар, жұмыс орындары қажет», – деді ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин.
Сонымен қатар, сенатор Сергей Ершов ақсап тұрған «АрселорМиттал Теміртау» акционерлік қоғамындағы қауіпсіздіктің жай-күйін жақсарту үшін үкіметтік деңгейде шаралар қабылдау керек дейді. Ол компанияда инвестициялық міндеттемелердің орындалмауы, қызметкерлердің тиісті әлеуметтік кепілдіктерінің болмауы, жабдықтарды жаңғыртудың толық қаржыландырылмауы, білікті кадрлардың кетуі, сондай-ақ зиянды заттар шығарындыларын азайту жөніндегі міндеттемелердің орындалмауына қатысты бірқатар өзекті мәселелер бар екенін атап өтті.