18 жасында соғысқа аттанып, Украина, Беларусь майдандарына қатысқан ардагер – Бадан Төребаев
Түркістан облысында соғыстың от жалынынан өтіп, Отан үшін оққа түскен 8 ардагер бар. Солардың бірі – биыл жасы жүзге таяған Бадан Төребаев. Ақсақал 18 жасында соғысқа аттанып, Украина, Беларусь майдандарына қатысқан, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Ғасыр жасаған қарт майдангердің әңгімесін тілшіміз тыңдап қайтқан еді. Бадан Төребаев 1944 жылы әскерге шақырылыпты. 4 ай ғана дайындықтан өтіп, соғысқа аттанған ол сол кезде небәрі 18 жаста болған. Соған қарамастан бозбала Одерден өтудегі ұрысқа, Подстамды азат етуге, Берлинді қоршауға қатысады.
«Жеңіс күнін Берлин қаласында қарсы алдым. Сол күнгі қуанышты әлі күнге ұмытқан емеспін. «Берлинді алғаны үшін», «Германияны жеңгені үшін», «Ерлігі үшін» орден-медальдарымен марапатталдым. Соғыс болмаса, жастар оны көрмесе екен деп тілеймін», – деді соғыс ардагері Бадан Төребаев.
1950 жылы елге оралғаннан кейін Кентау қаласындағы «Мырғалымсай» кенішінде ұзақ жылдар бойы жемісті жұмыс істеген азамат екі ұл, үш қыз тәрбиелеп, өсірді. Олардан 16 немере, 42 шөбере, 3 шөпшек сүйді. Қазір ардагерді үлкен келіні қарап, жағдайын жасап отыр.
«Емханадан, ардагерлер үйінен хабарласып, жағдайын біліп тұрады. Дәрі-дәрмегін әкеліп береді», – деді ардагердің келіні Айжан Төребаева.
Бадан ақсақалды Кентау қаласында танымайтын жан жоқ. Еңбектеген бала мен еңкейген қартқа дейін майдангерді мақтан тұтады.
«Есімізді білгелі, қасымыздағы «Эластополиметте» жұмысын бастаған. Шөбере-шөпшек сүйіп отыр. Балалары өсіп-өніп отырған ауыл, – деді Ащысайтүстіметалл» комбинаты ардагерлер кеңесінің төрағасы Жолшыбек Аққұлов.
Қарт майдангердің «Ерлігі үшін», «Құрмет белгісі» ордендері және «Берлинді алғаны үшін» медальдары тағылған костюмі үнемі жанында ілулі тұрады. Ардагер соған қарап, зұлмат жылдардағы қарулас достарын еске алады. Өңірдің абыз ақсақалы кейінгі ұрпақты бейбіт күннің қадірін білуге шақырады.
Нұркен Әкімхан, Түркістан облысы
Оқи отырыңыз: Ұлы көлдер аймағында 900 мың адам жарықсыз қалды