Мәслихат сессиясында депутаттар бұл ұсынысты бірауыздан қолдады
Алматыда әлеуметтік сала және білім беру қызметкерлерінің жалақысы 30 пайызға өседі. Бұл туралы Алматы мәслихатының кезекті отырысында белгілі болды. Қала әкімі Ерболат Досаев биыл бухгалтерлер, кітапханашылар, психологтар, логопедтер, әлеуметтік қызметкерлер мен техникалық персоналдың жалақысын ұлғайту мәселесін көтерген еді. Бүгінгі мәслихат сессиясында депутаттар бұл ұсынысты бірауыздан қолдады, деп хабарлайды Almaty.tv.
Енді саладағы 20 мыңнан аса қызметкердің әл-ауқаты артып, келесі айдан бастап еңбек ақысына үстеме қосылады. Бұл бастама олардың еңбегін әділ бағалап, мамандар тапшылығын жоюға ықпал етеді.
«Азаматтардың жалақысы көптен бері қарастырылмаған. Сондықтан мәселе біздің салаға да әсер етеді. Неге десеңіз, персоналды ұстап қалу қиын. Төменгі жалақы 160-180 мың, ал жоғарғысы 260-270 мың теңге болады деп жоспарлап отырмыз», – деді Білім басқармасының басшысы Сайран Сайфеденов.
«Еден жуушылардың, кітапханашылардың, бухгалтерлердің менеджерлардың, техникалық жұмысшылардың айлығын 30 пайызға көтеріледі. Әріптестерімізге, қала әкіміне алғысымызды айтамыз!» – деді Денсаулық сақтау, білім беру және жұмыспен қамту жөніндегі тұрақты комиссия төрағасының орынбасары Қайрат Бегалин.
Сондай-ақ 1600-ден аса медициналық-әлеуметтік мекеме қызметкерлерінің жалақысына 30 пайыз үстемақы қосылады. Кейінгі жылдары олардың еңбекақысы саладағы басқа мамандармен салыстырғанда едәуір төмендеп, соның салдарынан білікті кадрлардың жеке секторға ауысу үрдісі байқалған. Қолға алынған бастама қызметкерлерді қолдауға бағыттылып отыр.
«Қаладағы 13 медициналық-әлеуметтік мекемеде жұмыс істейтін қызметкерлерге жалақы көтеру мәселесін депутаттар қолдады. Бұл шешімге бір салада істеп жатқан азаматтардың жалақысындағы айтарлықтай айырмашылық түрткі болды. Мәселен терапев 500 мыңға дейін, медбике - 320 мың теңге алады. Ал әлеуметтік қызметкер 240 мың, техникалық жұмысшылар одан да төмен жалақымен күн көріп жүр, – деді Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Бауыржан Жаубасов
Оқи отырыңыз: Мәжілісмен жеңілдетілген салық режимін сақтап қалуды ұсынды