Арал теңізінің құрғаған ұлтанына сексеуіл тұқымы дронмен себіле бастады

Тәжірибе алғаш рет іске асып отыр

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Арал теңізінің құрғаған ұлтанына сексеуіл тұқымы дронмен себіле бастады. Бұл тәжірибе алғаш рет іске асып отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Биылғы меже – 100 мың гектар аумаққа әуеден тұқым себу. Бұл жобаны Қазақ орман шаруашылығы және агроорманмелиорация ғылыми-зерттеу институты жүзеге асырып жатыр. Мамандардың сөзінше, әуеден тұқым себудің тиімділігі зор. Артық жұмыс күшін қажет етпейді. Бұл өз кезегінде уақыт үнемдеумен қатар, өнімділікке де өзгеріс әкелмек.     

«Арал теңізінің кепкен жеріне фитомелиоративті өсімдіктерді өсіру жоспарда бар. Осы мақсатта агродронды сынап көріп жатырмыз. Бұл құрылғы 50 келідей көтере алады. Біз тұқымдарды агродронмен жайып көрдік. Тағы басқа да тұқымдарды сынап көру жоспарда бар. Ал бағдарлама 3 жылға арналған», – деді «Қазақ орман шаруашылығы және агроорманмелиорация ҒЗИ» ЖШС Алматы филиалының директоры Руслан Ахметов.

Ғалымдардың сөзінше, көшет пен тұқымның сапасы жақсы. Ендігі міндет – жердің ылғалдылығын пайдаланып дер кезінде егу. Сонда шығым да көңілден шығады.

Айта кетейік, мелиорациялық жұмыстарға халықаралық қаржы ұйымдары атсалысып келеді. Мәселен, осыған дейін Дүниежүзілік банктің қолдауымен 57 мың гектар алқапқа сексеуіл отырғызылса, Оңтүстік Корея мемлекетімен бірлескен жұмыстың нәтижесінде 13 300 гектарға сексеуіл көшеттері егілді. Енді бұл іске тағы бір шетелдік компания тартылмақ.

 «Арал теңізінің құрғаған ұлтанын көгалдандыру бойынша зор экологиялық бастамаға қатысқанымызды мақтан тұтамыз. Жоба біріншіден, өңірдің экологиялық жағдайын жақсартуға септігін тигізсе, екіншіден, жергілікті тұрғындар жұмыспен қамтылып отыр», – деді шетелдік компания өкілі Бастьен Паскаль (Франция).

 «Басты мақсат – тұз бен шаңды борандардың алдын алу және Арал өңірінің экожүйесін қалпына келтіру. 2024 жылы «Қазмұнайгаз» компаниясының көмегімен 15 мың гектар жерге егу жұмыстары жүргізілді. 2024-2025 жылы «Катко» компаниясының көмегімен 120 гектар жерге себу жұмыстары және 2025 жылға арналған 16 мың түп сексеуілдің 11800-і осы компанияның күшімен жүзеге асырылып жатыр, – деді Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің төрағасы Данияр Тұрғамбаев.

Арал теңізінің құрғаған ұлтаны 6 миллион гектарға жеткен. Оның 2,8 миллион гектары Қазақстан аумағында. Ал 2021 жылы Мемлекет басшысы алдағы бес жылда теңіз ұлтанындағы 1 миллион 100 мың гектар жерге шөлге төзімді өсімдіктер егуді тапсырған. Қазірге дейін 780 мың гектар жерге орман мелиорациялық жұмыстар жүргізілді. Бұл көрсеткіш 71 пайызға жетіп отыр.

Асқар Сәрсенұлы, Төрехан Әділбекұлы, Қызылорда облысынан

Оқи отырыңыз: Елімізде ақбөкендердің саны қалай реттеледі

Новости партнеров