Атырау облысы бойынша 10 ауыл ауыз суға зәру
Атырау облысы Бөкейхан ауылының тұрғындары тіршілік нәрінен тарығып отыр. Жұрт 18 жылдан бері өзен суын тасып ішуге мәжбүр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Алпысты алқымдаған қария Яков Исмагулов Бөкей ауылының байырғы тұрғыны. Зейнеткер күнделікті 5-6 шақырымды артта қалдырып, өзеннен су тасиды, құдықтарды толтырады. Өйтпеске амалы жоқ. Ал күнделікті тұтынар азықты сатып алу қалтаға салмақ салады. «Судың да сұрауы бар» деген ауыл тұрғыны тіршілік нәрін үнемдеуге мәжбүр.
«Құдықтан шелекпен тасимыз. Негізінен оны ішуге пайдаланамыз ғой, егін көп еге алмаймыз. Аздап-аздап шамалы бірдеңе егеміз. Неге десеңіз су тасу қымбат», – деді Бөкейхан ауылының тұрғыны Яков Исмагулов»
Зейнеткер сияқты мұң кешкен 400-ден аса ауыл тұрғыны бар. Бір қызығы, олардың мәселесін шешу үшін әкімдік 6 жыл бұрын қыруар қаржы бөліп, жаңа су құбырының құрылысын бастаған. Алайда, ол әлі күнге дейін іске қосылмаған.
«Құрылыс монтаж жұмыстары 2025 жылдың қазанда аяқталады. Жоба құны 1 млрд 213 млн 413 мың теңге. Қазіргі уақытта су құбыр желілерінің 80 пайыз жұмыстары жүргізілді», – деді Бөкейхан аудандық құрылыс бөлімінің бас маманы Мұратбек Мұхитов.
Ал құрылысты жүргізген мердігердің бұған айтар өз уәжі бар.
«Құдықтардың ішінде үйге бағытталған құбыр қосып жатырмыз. Соларды дайындап жатырмыз», – деді мердігер мекеменің өкілі Жомарт Қауысов
Жауаптылар жыл соңына дейін екі ауылға су тартып береміз деп уәде берді. Бірақ ел шенеуніктердің кезекті сөзіне күмәнмен қарайды.
Айта кетейік, Атырау облысы бойынша 10 ауыл тіршілік нәріне зәру.
Жұлдыз Қайратқызы, Атыраудан
Оқи отырыңыз: Ақтаулықтар аулада салынып жатқан үй құрылысына наразы