Балаларға қатыгездік көрсеткен: 12 ата-анаға қылмыстық іс қозғалды

polisia.kz
polisia.kz

Қазақстанда "Жасөспірім" іс-шарасы жалғасып жатыр

 

Жаңалықтармен бөлісіңіз

"Заң және Тәртіп" қағидатын іске асыру аясында 10 сәуір мен 6 мамыр аралығында елімізде "Жасөспірім" жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізіліп жатыр. Ол балалардың құқықтарын қорғауға, құқық бұзушылықтардың алдын алуға, қоғамдық тәртіпті бұзу фактілеріне жол бермеуге бағытталған, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап. 

Іс-шара басталғалы полицияға 13 мыңға жуық жасөспірім жеткізілді, оның ішінде:

  • қылмыс жасағаны үшін 70-тен астам;
  • әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін тоғыз мыңнан астам;
  • қараусыз және панасыз қалған үш мың.

- Полиция түнгі уақытта ойын-сауық мекемелерінде және көшелерде болған 11 мыңнан астам кәмелетке толмағанды анықтап, ата-аналарына тапсырды. Балаларға алкоголь сатудың 148 фактісі тоқтатылды. Көшелерде мас күйінде 229 бала ұсталды. Қабылданған шаралар балаларға қатысты қылмысты болдырмауды көздейді. Ата-аналарға кәмелетке толмағандардың өмірі мен қауіпсіздігі үшін жауапты екенін еске саламыз, - деді ІІМ әкімшілік полиция комитетінің басқарма бастығы Әсет Оспанов.

Іс-шара барысында балаларына дұрыс тәрбие бермегені үшін 1600-ден астам ата-ана әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Балаларға қатыгездік көрсеткені үшін 12 ата-анаға қылмыстық іс қозғалды. Жастардың құқықтық санасына ықпал ету мақсатында білім беру ұйымдарында 10 ашық сот отырысы өткізілді. Қоғамға жат мінез-құлқы бар 600-ден астам жасөспірім және бала тәрбиесімен айналыспайтын 500-ден астам ата-ана анықталып, есепке қойылды.

Жасөспірімдерден 50-ге жуық тыйым салынған заттар, оның ішінде екі қару, 39 сұқпалы-кесу заты және алты есірткі заты тәркіленді. Балалардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін үш мыңнан астам интернет-сайт анықталды. Оның 600-ден астамы бұғатталды.

Әкімдіктерге мектеп жанындағы жол қауіпсіздігін жақсарту бойынша 1300-ден астам нұсқама берілді. Сондай-ақ балалардың бос уақытын ұйымдастыру туралы 200-ден астам өтініш жолданды.

Оқи отырыңыз: Павлодарда отбасында жарақат алған 4 айлық сәбидің жағдайы белгілі болды

Новости партнеров