2023 жылы елімізде 120,8 мың неке тіркелсе, соның 40,2 мыңы – ажырасумен аяқталған
Мәжіліс депутаты Ардақ Назаров Үкімет басшысына сауал жолдап, отбасы құндылығы мәселесін көтерді, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі Baq.kz-ке сілтеме жасап.
Ұлттық статистика бюросының ресми деректері бойынша, 2023 жылы елімізде 120,8 мың неке тіркелсе, соның 40,2 мыңы ажырасумен аяқталған.
"Оның сыртында бейресми ойраны шыққан отбасылар қаншама?! Осындай айдың, күннің аманында шаңырағы ортасына түскен отбасылар кесірінен бүгінде 400 мың әйел мен 60 мың еркек – жалғызбасты отбасы кебін құшып отыр.Бұл не деген сұмдық?! "Екі жақсы бас қосса, бірін-бірі қия алмас. Екі жаман бас қосса, кең дүниеге сия алмас. Біз осындай мүшкіл хәлге қалай жеттік? Бейбіт күнде отбасының отын-суын тасып берген, ел басына күн туса әжаным арымның садағасы" деген намысты ерлеріміз қайда? Шаңырағының берекесі, отбасының ұйытқысы бола білген, әдебі алтын жіппен әдіптелген текті қыздарымыз қайда”? - дейді депутат.
Оның айтуынша, отбасы-ошақ қасының түйткіл мәселелерін түбірлі түрде шешпей тұрып, әлемдік трендтердің соңынан аты-жөні жоқ, алашапқын ілесе берсек, ұлт ретінде үлкен тоқырауға ұшырарымыз анық.
Ажырасудың алдын алу және отбасы институтын нығайту бағытында бүгінде түрлі тәжірибелер мен тиімді үлгілер жеткілікті.
Назаров Үкіметке бірқатар нақты ұсыныс жасады.
Біріншіден, ажырасуға өтініш білдірген ерлі-зайыптылардың біржақты шешімі негізінде сотқа арыз қабылданбас бұрын арнайы мемлекеттік баж немесе жарна төлеу тәртібін енгізу қажет. Бұл төлемнің көлемі едәуір жоғары болуы тиіс. Сонымен қатар ресми түрде ажырасқан тұлғалар үшін табыс салығының мөлшерлемесін кезең-кезеңімен арттыру қарастырылсын.
Екіншіден, халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрлі құқықтық мәдениетінде әулеттің үлкендері мен ақсақалдарының сөзін тыңдау, дау-дамайды бітіммен шешу дәстүрі берік орныққан. Осы тәжірибені заманауи форматта қолдану мақсатында, қазіргі таңда жергілікті атқарушы органдар жанынан құрылған жергілікті қоғамдастық кеңестері, ардагерлер алқасы, имамдар, әйелдер кеңесі сынды консультативтік-кеңесші органдардың әлеуетін пайдалану ұсынылады. Ажырасуға өтініш берген ерлі-зайыптылардың ісі сотқа жетпей тұрып, алдын ала осы кеңестердің қарауына ұсынылып, бітімгершілік және татуласу бағытында жұмыс жүргізілсе, көптеген отбасылардың сақталып қалуына мүмкіндік туар еді.
Оқи отырыңыз: Мұғалімдерге «ескерту» жасайды: Қазақстанда алаяқтықтың тағы бір түрі анықталды