Өз сөзінде Мәлік Отарбаев Мемлекет басшысы атап өткен басым бағыттарға тоқталды
Қ. И. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінде Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаевпен кездесу өтті. Іс-шараға университет басшылығы, профессорлық-оқытушылар құрамы, жас ғалымдар мен студенттер қатысты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Кездесудің негізгі тақырыбы – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдың IV отырысында көтерген бастамалары мен тапсырмаларын талқылау болды. Әсіресе, ғылым мен білім саласына, оның ішінде техникалық бағыттағы ғылымды дамыту мәселесіне баса назар аударылды. Университет ғалымдары мен жас зерттеушілер қоғам мен өндірістің өркендеуіне ықпал ететін өзекті ғылыми-техникалық мәселелер бойынша ой бөлісті.
Өз сөзінде Мәлік Отарбаев Мемлекет басшысы атап өткен басым бағыттарға тоқталып, оларды жүзеге асырудағы білім мен ғылымның рөліне ерекше мән берді.
«Қоғамда заң мен тәртіпті сақтау, мәдениетті дамыту, ғылым мен білімге инвестиция салу, тарихи әділдікті қалпына келтіру және ұлттық бірлікті нығайту – қазіргі кезеңдегі маңызды міндеттер. Бұл бағыттардың барлығы ел дамуының тұғырлы тірегі болып табылады», – деді Президент кеңесшісі.
Сонымен қатар ол цифрландыру, жасанды интеллект, көлік-логистика, энергетика, агроөнеркәсіп және адам капиталын дамыту сынды төрт негізгі бағыттың еліміздің инновациялық дамуына негіз болатынын атап өтті.
«Аталған салаларды жасанды интеллектпен ұштастыра отырып, Қазақстан тек аймақтық емес, жаһандық технологиялық көшбасшылардың қатарына қосыла алады. Осыған байланысты Президент Үкіметке озық цифрлық шешімдер мен жасанды интеллектке қолайлы экожүйе қалыптастыруды жеделдетуді тапсырды», – деп атап өтті Мәлік Нұржанұлы.
«Ұлттық құрылтай және рухани құндылықтар» тақырыбында өз ойымен бөлісті. Ол ұлттың рухани тұтастығы ең алдымен тілден басталатынын Конфуцийдің тағылымды тәмсілі арқылы жеткізді. Ұлттық тәрбие мен құндылықтарды сақтау, дәріптеу - әр азаматқа жүктелген аманат», – деді кездесу аясында белгілі тарихшы Салқынбек Досалы.
Бұл мазмұнды кездесу қатысушыларға тың ой, жаңаша көзқарас, ғылыми-практикалық бағыттағы ынтымақтастық мүмкіндіктерін ұсынды. Сәтбаев университеті – еліміздің техникалық білім мен ғылымдағы көшбасшы оқу орны ретінде, Ұлттық құрылтайда айтылған идеялар мен тапсырмаларды жүзеге асыруда өз үлесін қосуға дайын екенін көрсетті.
Оқи отырыңыз: МӘМС-ке мемлекет жарналары 5 пайызға дейін жеткізіледі