Бетон жамылғысы басып қалған оқушының жағдайы ауыр

Тұрғындар 28 жылдан бері бос тұрған ескі нысанды сүріп тастауды талап етті

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Жетісу облысында мектеп оқушысын бетон жамылғысы басып қалды. Ауыр жарақат алған жеткіншек қазір аудандық аурухананың жансақтау бөлімінде жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Биік ғимараттың төбесінен қала көрінісін тамашаламақ болған жасөспірімдер кеше оқыс жағдайға тап болды. Туыстарының айтуынша, ескі нысанның төбесіндегі бетон плитасы құлап, үш бала жарақат алған. Солардың бірін бетон жамылғысы басып қалыпты. Ауыр жарақат алған Естай Кенжеғазыны құтқарушылар келгенше әкесі бетон астынан өзі шығарып алған.

«Жанындағы балалар «тез келіңіз» деп қоңырау шалды. Амалдап өзіміз шығып алдық. ТЖД, жедел жәрдем көлігі уақытында келді. Түнде ауруханаға әкелдік, мамандар ештеңе айта алмай отыр», – деді зардап шеккен баланың әкесі Кенжеғазы Ержан.

Жеңіл жарақат алған екі бала дәрігерлер қарауынан кейін үйіне қайтарылған. Ал 16 жастағы Естай Кенжеғазы жансақтау бөлімінде жатыр. 

 «Бала өте ауыр жағдайда түсті. Қолы сынған, сол жақ иығының сүйегі сынған, сондай-ақ 6-7 омыртқасына зақым келген. Қазір жағдайы тұрақтандырылды, бірақ тасымалдауға болмайды. Сондықтан науқастың жағдайын тексеруге Талдықорған қаласынан арнайы дәрігерлер келеді», – деді Кербұлақ аудандық ауруханасының дәрігері Рамина Нұғманова.

Қаңырап тұрған бұл ғимарат бұрын аурухана болған деседі. Қазір ауыл балаларының қауіпті ойын алаңына айналған. 28 жылдан бері бос тұрған ескі нысанда талай оқыс оқиға болғанын алға тартқан тұрғындар ғимаратты сүріп тастауды сұрайды.

Ал әкімшілік бұл мәселеден хабардар. Бірақ жекеменшік нысан иесінің қайтыс болуына байланысты ешбір шара қолдана алмай отырған көрінеді.

 «Құжаттарын жинақтап, Кербұлақ аудандық сотына иесіз мүлік ретінде танып, коммуналдық меншікке алу туралы талап-арызбен жүгіндік.  Талап-арыз қанағаттандырусыз қалдырылды. Себебі мұрагерлері бар, кез келген уақытта сотқа жүгінуге құқылы мұраны қабылдау мерзімін қалпына келтіруге болады», – деді Сарыөзек ауылдық округі әкімінің орынбасары Абзал Қабдікерім.

Шенеуніктердің сөзінше, банкте кепілде тұрған ғимаратты мұрагерлері қабылдауға асығар емес. Ал әкімшілік мұндай жағдайда жекеменшік нысанды қоршай алмайды. Демек азаматтардың уайымы қашан сейіліп, мәселесі шешілері белгісіз.

Меруерт Сабыртай, Мирас Анитов, Жетісу облысынан

Оқи отырыңыз: Жамбыл облысында 140-тан аса ветеринар неге жұмыссыз қалды

Новости партнеров