Көпшіліктің айтуынша, жыл сайын бюджеттен қаржы бөлінгенімен, салада сапа жоқ
«Шұрық-тесік жолдар әбден қажытты». Осылай деген Ұлытау облысының тұрғындары атқамінерлерден араша сұрайды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Сапасы сын көтермейтін жол көлік иелерін әбден мезі еткен. Мұндағы жүргізушілердің айтар уәжі аз емес. Екі ортада жиі қатынайтын таксишілер тұрмақ, кез келген көлік иесімен сөйлесе қалсаңыз, әуелгі әңгіме жолдың жырынан басталады. Облыс жұрты «қар еріп, аяқ алып жүру қиындағалы көлік жиі бұзылады» дейді.
«Жол нашар, былтыр жөнделген Сәтпаев, Абай көшелері тесіліп жатыр. Сәтбаев қаласында мүлдем жол жоқ деп айтуға болады», – деді қала тұрғыны.
«Көктем шыққалы жетісіне 2 рет көлік жөндеймін. Есептей беріңіз, шыңынды ешкім төлеп бермейді», – деді көлік жүргізушісі.
Ұлытау облысындағы автомобиль жолдарының ұзындығы – 2 711 шақырым. Мұның 961-і республикалық, ал 896-сы облыстық маңызға ие. Осы аталған жолдардың 137,2 шақырымын жөндеу үшін биыл бюджеттен 7,5 млрд теңге бөлініпті. Біз де қалалық жолдардың жай-күйін алға тартып, түйткілдің түйінін тарқату мақсатында қалалық әкімдіктерге арнайы барып, жауаптыларға сауалымызды жолдаған ек. Жергілікті билік «жолдың жырын жақсы білеміз, жөндеу жұмыстары сәуірде басталады» деп сендірді.
«Он төрт көше 5 нысанға бөлініп конкурс жүргізілді. Үшеуі нысанның жеңімпазы анықталды, екеуін қайта сатып алу жарияланды. Қаражат мөлшері 4 млрд 55 млн теңге. Республикалық және облыстық бюджет есебінен 57 көшені орташа жөндеуден өткізу көзделіп отыр», – деді Жезқазған қаласы Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Нұрбол Садықов.
Айта кетейік, облысқа іргелес жатқан Сәтбаевта 6 көшеге жөндеу жүріпті, биылғы жоспарда тағы сегізін қалыпқа келтіру міндеті тұр.
«2025 жылдың ЖАО-мен қаламыздың 8 автокөлік жолын орташа жөндеу және 1 автокөлік жолын күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуді жоспарлап отырмыз. Шамамен ұзындығы 7,53 км қамтиды. 8 көшені орташа жөндеуден өткізуге 632 млн 186 мың 247 теңге 1 көшеге күрделі жөндеуге шамамен 1 млрд қаражат талап етеді», – деді Сәтбаев қаласы әкімінің орынбасары Ахмет Сыздыманов.
Бірақ атқамінерлердің жауабына тұрғындар сенбейді. Өйткені жылдағы жағдай уәде беруден әрі аспайтын көрінеді. Көпшіліктің айтуынша, жыл сайын бюджеттен қаржы бөлінгенімен, салада сапа жоқ
Алтынай Төлегенова, Ұлытау облысынан
Оқи отырыңыз: Бетон жамылғысы басып қалған оқушының жағдайы ауыр