Елімізде есірткі бизнесін ұйымдастырушыларға жаза күшейтілді

Alexander Grey/unsplash.com/
Alexander Grey/unsplash.com/

ІІМ өкілінің айтуынша, бұл тәсіл мемлекеттің құқық бұзушылардың жасы мен жағдайын ескеруге деген ұмтылысын көрсетеді

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Елімізде есірткі бизнесін ұйымдастырушыларға жаза күшейтілді. Бұл туралы ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті төрағасының орынбасары Қуандық Әлжанов айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

"Мемлекет басшысы 2024 жылғы 27 желтоқсанда есірткі құралдарының заңсыз айналымына қарсы іс-қимылға қатысты бірқатар заңнамалық актіге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы Заңға қол қойды. Заң 3 наурызда күшіне енді. Қабылданған түзетулер қылмыстық жауаптылық жүйесін жақсартуға және қылмыстық құқық бұзушылықтың сипатына қарай жазаларды саралауға бағытталған. Қабылданған заңға сәйкес, ҚР ҚК-нің қолданыстағы 297-бабында есірткі сатушыларға, оның ішінде есірткіні жасырып қойып кетушілерге егер құқық бұзушылық бірінші рет жасалса және ол есірткі құралдарын жасаумен немесе қайта өңдеумен байланысты болмаса қылмыстық жауапкершілік сақталады", - деді ол Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте.

Оның дерегінше, 1-бөлім бойынша 5 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы болады. Бұл бұрын 5 жылдан 10 жылға дейін жазаны қарастырған еді. Ал 2-бөлім бойынша 6 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру көзделеді. Бұрын 6 жылдан 12 жылға дейін жаза қарастырылған. 3-бөлім бойынша 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру қарастырылады. Бұрын 10 жылдан 15 жылға дейін болған.

ІІМ өкілінің айтуынша, бұл тәсіл мемлекеттің құқық бұзушылардың жасы мен жағдайын ескеруге деген ұмтылысын көрсетеді. Олар үшін жаза мерзімін қысқарта отырып, шартты түрде мерзімінен бұрын босатуды одан әрі қолдану, сондай-ақ жазаның өтелмеген бөлігін неғұрлым жұмсақ түрмен ауыстыру мүмкіндігі көзделеді. Алайда заң сонымен қатар рецидивистер үшін, өздерінің қызметтік өкілеттігін пайдалана отырып, есірткінің заңсыз айналымымен айналысатын лауазымды адамдар үшін және оларды өндірумен айналысатын адамдарға қатысты жазаны қатаңдату шараларын енгізеді. Онда мерзімдер 15 жылдан 20 жылға дейін не өмір бойына бас бостандығынан айыруды көздейді.

 Оқи отырыңыз: Қазақстандық блогерлер табысын көрсете бастады

Новости партнеров