Сенатта жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жол-көлік оқиғаларының алдын алу мәселелерін талқылады
Қазақстанда жол-көлік оқиғасынан балалардың қайтыс болу дерегі жиіледі. Бас прокуратураның ақпаратына сай, былтыр апаттан зардап шеккен жасөспірімдердің саны 10 мыңнан асса, қайтыс болғандардың көрсеткіші 3,5 процентке өскен, деп хабарлайды Almaty.tv.
Осы тақырыпты негізге алған жауаптылар бүгін Сенатта жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жол-көлік оқиғаларының алдын алу мәселелерін талқылады. Жиынға қатысқандар елдегі бейнебақылау камералары мен айыппұлдардың көптігіне қарамастан, апаттан қайтыс болатындардың азаймағанына алаңдаулы. Мәселен, былтырдың өзі 32 мыңға тарта жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 3 мыңға жуық азамат көз жұмған.
«Біздің пікірімізше, қазіргі қолданыстағы нормалар ескірген. Әкімшілік құқық бұзу туралы кодекстің 31-бабы, яғни құқық бұзушылықты автоматты түрде тіркеу туралы норма. Технология дамыған заманда құқық бұзушылықтың басқа түрін тіркеуге де мүмкіндік бар. Сақтандырудың жоқтығын, техникалық байқаудан өтпегенін неге назарға алмаймыз?" – деді ҚР Бас прокуратурасы комитеті төрағасының бірінші орынбасары Руслан Әлкенев.
Жиында бұдан бөлек, автомектептердің мәселесі қаралды. Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы қазіргі нормада жүргізушілерді дайындайтын мектептерді бақылау - Ішкі істер министрлігіне, ал емтиханды қабылдау азаматтарға арналған үкімет ұйымына жүктелгенін айтты. Ол екі жақты басқарудан бас тартып, құқық тек бір ведомствоға берілуі керек деп санайды. Сондай-ақ елімізде автодромдар да жоқтың қасы. Кей өңірлерде халық практикалық емтихан тапсыру үшін 300 тіпті, 500 шақырым жол жүріп, облыс орталығына келуге мәжбүр. Бұл ретте аудандарда автодромдар ашу туралы ұсыныс айтылды.
«Екі ведомство бір сұрақты екі жақтан қарап отыр. Қазақта жақсы мақал бар, «қойшы көп болса, қой арам өледі» деген. Бұл мәселені бір органға беру керек. Азаматарға арналған Үкіметке берсін, ІІМ-ге қайтарып беріңіздер, – деді ҚР ІІМ Әкімшілік полиция кометитінің төрағасы Қайсар Сұлтанбаев.
Оқи отырыңыз: Полицейлер шығынға батырды: 16 қызметкер цех ішінің астаң-кестеңін шығарған