Іскер ана: Сыр өңірінде ата-аналар оқушыларды қолөнерге баулып келеді

Сабақ арасындағы сергіту сәті мен көңілді үзілістер балалардың оқуға ынтасын арттырады

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Сыр өңірінде ұлттық құндылықтарды ұрпақ санасына сіңіруге ұстаздармен бірге ата-аналар да үлес қосып келеді. Ерекшелігі сол, мұндағылар оқушыларға тәрбиені еңбек арқылы еңсеруге басымдық берген, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Киіз басу, жүн түту, кесте тоқу, сырмақ сыру секілді қолөнердің оннан астам түрі мұндағы қыздарға таңсық дүние емес. Мектепте «Іскер ана» жобасы аясында ұстаздармен қатар ата-аналар да балаларды қолөнерге баулып келеді. Солардың бірі – қала тұрғыны Ұлман Қарекеева. Алты жылдан бері іс  тігіп, кәсіппен айналысатын ол қолы қалт етсе, бұрымдыларға бар білгенін үйретуге асығады. 

 «Қолымнан келген қолөнер бұйымдарын жасауды қыздарыма үйретемін. Мектептің «Іскер ана» жобасы бойынша айына екі рет оқушыларға дәріс беремін. Жүнмен, құрақпен жұмыс жасаймыз. Құрақ құрау, оның өлшемдерін балаларға, қыздарға үйретеміз», – деді қала тұрғыны Ұлман Қаракеева.

«Жоспар бойынша 7 анамыз жұмыс жасайды. Айына 2 рет оқушылармен бірігіп шеберлік сыныптары өткізіледі. Зергерлік бұйым, құрақ құрау, ши тоқу сынды қолөнер түрлерін қыздарға үйретіп жатырмыз. Көркем еңбек пәні және үйірме жұмыстары оқушыларды іскерлікке, еңбекқорлыққа, шыдамдылыққа үйретеді», – деді көркем еңбек пәнінің мұғалімі Ұлдана Жүсіпова. 

Мектептегі «Қолөнер» үйірмесіне қатысатын 50-ге жуық оқушының бірі – Айгерім Руслан. Өзіне қажетті әшекей мен кәдесыйды жасөспірім өзі дайындайды. Ізденімпаз шәкірт шиқұрақтан құрастырма блоктар әзірлеген.

 «Ата-бабамыздан бері келе жатқан қазақ халқының дәстүрлі өнерінің бір түрі –құрақ құрау. Бұл өнер қазақ халқының бай мұрасын насихаттайды. Ұлттық нақыштағы екі жақты шиқұрақ пазлды ойнау арқылы баланың ой-өрісі дамиды және түс ерекшелігін ажыратуға көмектеседі», – деді оқушы Айгерім Руслан.

Ұстаздар ұлттық ойындарды да түрлендіріпті. Олар ақыл-ойды дамытуға арналған тоғызқұмалақ, бестемше мен ептілікке баулитын асық арқылы шәкірттерді шынықтырып жүр. Оқушылар ойын ойнап, қимыл-қозғалысын ширатады. 

 «Тоғызқұмалақ пен бестемше балалардың ойлау қабілетін дамытып қана қоймай, тоғызқұмалақ пен бестемшені асық арқылы ойнайды. Яғни ол балалардың қол моторикасын дамытады, – деді  «Бестемше» үйірмесінің жетекшісі Аққанат Шерғазықызы. 

 «Мектеп қабырғасында ұлттық құндылықтарды бойына сіңіріп өскен баланың Отанға деген құрметі ерекше, туған тілге деген сүйіспеншілігі өте жоғары болады деп есептеймін. Тәрбие, білім беруде негізгі мақсатымыз – балаларды қазақ қоғамының табиғи тамырынан үзбей өзінің ұлтына деген сүйіспеншілігін бойына сіңіру», – деді № 211 орта мектептің директоры Айжан Алимова. 

Мектепте шәкірттерді шешендік өнерге баулып, ұлттық аспаптарды меңгеруге басымдық беріледі. Сабақ арасындағы сергіту сәті мен көңілді үзілістер балалардың оқуға ынтасын арттырады. Ал тәрбие мен білімге бүтін ұлттың болмысын бояу етіп енгізу болашақ ұрпақтың бағдарын айқындай түспек.

Асқар Сәрсенұлы, Төрехан Әділбекұлы, Қызылорда облысынан

Оқи отырыңыз: Шымкенттің миллионыншы тұрғыны 7 жасқа толады

Новости партнеров