Мәжіліс қабырғасында тиісті заң жобасы қаралды.
Қазақстан Алматыдағы 70 мың шаршы метр жерді АҚШ-қа 49 жылға жалға бермек, деп хабарлайды Almaty.tv.
Мәжіліс қабырғасында тиісті заң жобасы қаралды. Құжатқа сай, ол аумаққа Америка консулдығы салынады. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша былтыр 27 қыркүйек күні Нью-Йоркте Қазақстан мен АҚШ үкіметтері арасында келісімге қол қойылған.
«Келісімнің мақсаты АҚШ үкіметіне Жамақаев көшесі, Әл-Фараби даңғылы, С.Сейфуллин даңғылы және Алдаркөсе көшесінің арасында орналасқан 7,5 гектар нақты айтқанда 70 593 шаршы метр жерді 49 жыл мерзімге жалға беру. АҚШ үкімет келісім күшіне енген күннен бастап 30 күннің ішінде жерді жалға алу ақысын бір жолғы төлеммен 25 301 016 миллион АҚШ доллар төлейді, – деді ҚР Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ақан Рахметтулин.
Құжат Қазақстан мен АҚШ арасында стратегиялық ынтымақтастықты нығайтады. Алматыдан жер телімін жалға беру келісімінің арқасында Америка тарапы Қазақстанға Сан-Францискодан еліміздің бас консулдығын ашуға рұқсат берген. Ал заң жобасы ратификацияланғаннан кейін Хьюстонда тағы бір Қазақстан консулдығы ашылады. Одан бөлек, бұл жоба дипломатиялық өзара іс-қимылды нығайтпақ. Екі елдің азаматтары үшін визалық және консулдық рәсімдерді жеңілдетуге ықпал етіп, экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты жеделдетуге мүмкіндік береді.
«Алматыдағы АҚШ-тың бас консулдығының жаңа ғимаратының құрылысы екіжақты өзара қимылға қосымша серпін беретін болады. Шынында да консулдық қатынастар туралы Вена конвенциясына сәйкес, консулдықтар елдер арасындағы сауда-экономикалық, мәдени, ғылыми байланыстарды дамытуда шешуші роль атқарады», – деді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Айгүл Құспан.
Оқи отырыңыз: Алматыда «Біздің қала – біздің мақтанышымыз» апталығы басталды