Қазақстандық картоп өнімдеріне шекаралас елдерден сұраныс артты

Елімізде өткен жылы 2 млн 600 мың тонна картоп өндірілген

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қазақстандық картоп өнімдеріне шекаралас елдерден сұраныс артқан. Былтыр отандық кәсіпкерлер 600 мың тоннадан астам көкөністі сыртқы нарыққа шығарған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Елімізде өткен жылы 2 млн 600 мың тонна картоп өндірілген. Өнімдердің басым көпшілігі Қарағанды және Павлодар облыстарында егілген. Осы өңірлерден әкелінген картоптардың әлеуметтік бағасы 12 ірі сауда желісінде 185-250 теңгеден саудаланса, өзге дүкендерде 350 теңгеден басталады.

 «Бүгінгі таңда жіберу бағасы 260 теңге, бірақ кейбір кәсіпкерлер алдын-ала фермермен келісіп, ақшасын төлеп қояды. Шаруаның өндірген өзіндік құны 60 -70 теңге болса, олар 100-120 теңге ақшасын көктемгі дала жұмыстарына төлеп қояды», – деді ҚР Сауда және интеграция министрлігі Сауда комитетінің төрағасы Айдар Әбілдабеков.

Қазір сауда нарығындағы жағдай тұрақсыз болып тұр, әсіресе картоп бағасының бір жыл ішінде 57,8 пайызға өскені тұтынушылардың қалтасына қосымша салмақ түсірді. Бұл жағдай саудагерлердің сатылымына да әсер етті.

 «Павлодар картошкасы 260, Қарағанды картошкасы 270 тенге сатып адамыз», – деді саудагер Асылхан Айнабеков.

«Бізде картоп килограмына 300 теңгеден басталады. Картоп қымбаттап, сатылым аздап төмендеді», – деді саудагер Гүлім Батырханова.

Ішкі нарықтағы бағаның құбылуына экспорт көлемінің ұлғаюы себеп болған. Әсіресе Өзбекстан мен Ресей тарапынан сұраныс артқан. Нақтырақ айтсақ, сыртқа шығатын өнім 411 мың тоннадан 605 мың тоннаға дейін өскен екен.

 «Маусымаралық кездің аяғына қарай картоптың көлемі де аз қалады, бағасы да қымбаттайды. Былтыр картоп Ресейде, басқа да шекаралас елдерде жақсы шықпады. Біздің картоптарға экспорттық нарықтарда сұраныс жоғары болды. Сондықтан баға да өсті. Шаруа қожалықтары экспортқа шығуға тырысты. Өйткені ол бағалар ішкі нарықтағы бағадан әлдеқайда қымбат болды», – деді ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүреков.

Жергілікті билік тұрғындардың әлеуметтік қажеттілігін қамтамасыз ету үшін дер кезінде тиісті шаралар қабылдап үлгерген. Нақтырақ айтсақ, елімізде 18 қаңтардан бері картоп экспорты толығымен тоқтады. Алдағы уақытта бағаның тұрақты болуы және картоп қорларының жеткілікті деңгейде сақталуына назар аударылмақ.

Мәди Бижан, Нұрлан Өтегенов, Дастан Темірбекұлы, Астанадан

Оқи отырыңыз: Алматылықтар жарамсыз дәрі-дәрмекті емханаға қайта тапсыра алады

Новости партнеров