Кене арқылы жұғатын қандай аурулар бар

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда кенелердің белсенділігі күрт артты. Қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, наурыздан бастап кене шағуына байланысты 186 адам медициналық көмекке жүгінген. Олардың арасында 14 жасқа дейінгі 89 бала бар. Бұлардың ішінде кене арқылы жұғатын жұқпалы аурулар анықталмаған.

Алайда 2024 жылы үш адам кене энцефалитін, бір адам боррелиоз жұқтырып, ауруханаға жатқызылған. Барлығы да алдын ала вакциналаудан өтпегендер. Адамды кене шағып алса, ең бірінші қандай әрекет жасау керек? Кенені өз бетімен алып тастау қаншалықты дұрыс? Осы және өзге сұрақтарға «Алматы» телеарнасының студия қонағы № 2 қалалық емхананың дәрігер-эпидемиологы Жәнібек Байшыбаев жауап береді.

– Жәнібек мырза, кене арқылы жұғатын қандай аурулар бар? Олар қаншалықты қауіпті?

«Кене ауруы вирустық инфекциялық ауру болып табылады. Бұл ауруды тарататын кенелер табиғатта кездеседі. Олардың Еуропалық және Азиялық екі түрі болады. Солар арқылы кене энцефалиті және лайманы анықтаймыз.

Лайма – Америкадағы қаланың атауымен аталған. Ауру 1975 жылы белгілі болды. Негізгі белгілері кене шаққан жер қызарып, ісуі мүмкін, температура 39-40 градусқа дейін жылдам көтерілуі мүмкін. Адам баласы жарыққа қараудан қорқатын болады. Мүгедек болып қалуы мүмкін, дұрыс емделмесе, өліп кетуі де мүмкін».

– Жәнібек мырза, егер адамды кене шағып алса, ең бірінші қандай әрекет жасау керек? Кенені өз бетімен алып тастау қаншалықты дұрыс, әлде міндетті түрде дәрігерге жүгіну қажет пе?

«Кене шаққан жағдайда жақын маңайда медициналық көмек көрсететін клиника болмаған кезде, алыста орманда, таулы жерде болсаңыздар, онда өз күшіңізбен алуға болады. Рұқсат етіледі. Оны жіппен қармап, қозғай отырып ақырын алу керек. Кене тұмсығын қалдырмауға тырысу керек. Алған кезде оны аузы жабылатын ыдысқа салып, зертханаға апарған дұрыс.

Алматы қаласында №4 қалалық, №5 қалалық ауруханаларға барып көмек сұрауға болады. Егер алдын ала екпе салынбаса, кенеге қарсы вакцина салынады».

Оқи отырыңыз: Алматы алғаш рет көз нұрлы қабығын алмастыру отасы жасалды

Новости партнеров