Қаланың әртүрлі аудандарында да мерекелік іс-шаралар өтеді
Алматыда Халықаралық әйелдер күніне арналған ауқымды іс-шаралар бағдарламасы дайын. Мереке қарсаңында қала тұрғындары мен қонақтары концерттер, көрмелер, театр қойылымдары және шығармашылық кездесулерді тамашалай алады, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
6 наурызда сағат 11:00-де Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйінде «Алаш арыстары жұбайлары» атты танымдық дәріс өтеді. Іс-шараға Алаш арыстары ұрпақтары Айман Байсалова, Меруерт Бәкібайқызы, Жанара Сүлейманова, Жазира Арғын және зерттеуші ғалым қыздар Светлана Смағұлова, Бекзада Қожекеева, Гүлжаһан Орда, музей қызметкерлері, ЖОО студенттері, қала тұрғындары мен қонақтары қатысады. Жиында алаш қайраткерлері жұбайларының рөлі мен олардың өмірлік серіктеріне ықпалы талқыланады. Конференцияда сирек тарихи мәліметтер мен жаңа зерттеулер ұсынылады.
6 наурызда сағат 15:00-де, Алматы музейінде «Дәстүр. Өнер. Әдемілік» атты көрме ашылады. Мұнда музей қорындағы дәстүрлі бас киімдер коллекциясы мен суретші Гүлнәр Табанованың жұмыстары қойылады.
7 наурызда сағат 18:30-да «Алатау» дәстүрлі өнер театрында «Анаға тағзым» атты мерекелік концерт өтеді. Сахнада белгілі өнерпаздар Әсет Есжан, Шаттық Уатқан, Нұрболат Ұзақбай, Диас Мұратхан, Тілек Базаров және Нариман Әбдірахман өнер көрсетеді.
8 наурызда бірқатар мерекелік іс-шара өтеді. Сағат 17:00-де Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейінде «Иірім» тобының «Әлемнің сыйы – әйелге» атты концерті өтеді. Қуыршақ театры «Мама для Мамонтенка» спектаклін қазақ тілінде сағат 14:00-де, орыс тілінде сағат 12:00-де сахналайды. Анасыз қалған мамонттың анасын табуға деген талпынысы туралы әсерлі оқиға балалар мен ересектердің жүрегін жылулыққа, жанашырлыққа бөлеп, армандарына ұмтылуға шақырады.
Осы күні, сағат 19:00-де «Артишок» театрында «Самрұқ» би труппасы «Ауыл» қойылымын сахналайды. Іс-шара заманауи хореография фестивалі аясында өтеді.
Сонымен қатар 7 және 8 наурызда Алматы халықаралық әуежайында Алматы қаласының тарихы музейі қорындағы дәстүрлі зергерлік бұйымдардың көшпелі көрмесі ұйымдастырылады.
Қаланың әртүрлі аудандарында да мерекелік іс-шаралар өтеді:
Алматы қаласының комьюнити-орталықтарында да бірқатар іс-шара өтеді:
Оқи отырыңыз: Алматы облысындағы Есік қаласының шекарасы екі есе ұлғайды