"Шымбұлақ" тау‑шаңғы курортында жасанды қар көшкіні жүргізілді

Құтқарушылар қауіпсіздікке салғырт қарамауға шақырады

Жаңалықтармен бөлісіңіз

«Шымбұлақ» тау шаңғы курортында қар жамылғысының тұрақтылығы тексерілді. Бұл - қыс мезгілінде қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі басты қадамдардың бірі. Алайда мұндай сақтық шараларына қарамастан, кейбір шаңғышылар қауіпсіздік ережелерін елемей, тыйым салынған аймақтарда сырғанауын тоқтатар емес. Жақында осындай оқиғалардың бірінен 3 адам қар көшкіні астында қалып, біреуі көз жұмды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Теңіз деңгейінен 3200 метрден астам биіктікте орналасқан тау бөктеріндегі жарылыс. Мұны құтқарушылар көшкін қаупін бағалау мақсатында арнайы ұйымдастырған. Авалаунчер деп аталатын құрылғының көмегімен жасалған бір реткі оқ ату нәтижесінде ақ ұлпа жамылғысы қозғалмады. Мамандар бұл қар қабатының тұрақтылығын көрсететін белгі екенін айтты.     

«Егер ауа райы қазіргідей тұрақты болса, жұмысты аптасына бір рет жүргіземіз. Сондай-ақ бізге география институтының өкілі келеді. Оған қоса белгілі альпинист Виталий Жданов жігіттерімізбен бірге топ құрып, әртүрлі орындарда қар профилін жасаймыз. Қар жамылғысының тұрақтылығын тексеру үшін арнайы тест өткіземіз», – деді «Шымбұлақ» тау-шаңғы курортының шаңғы патрулі Виктор Львов.

Қар көшкіні – аса қауіпті табиғи құбылыс. Ол сағатына 100-200 шақырым жылдамдықпен төменге құлдилап, жүздеген тонна қарды өзімен бірге ала кетеді. Мамандардың айтуынша, көшкін астында қалған адамды 15 минут ішінде тауып үлгеру өте маңызды. Өйткені дәл осы уақыт аралығында аман қалу мүмкіндігі жоғары. Сондықтан құтқарушылар тауға шыққанда қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауға шақырады. Әсіресе, арнайы белгілерге назар аудару қажет.

«Трассадан тыс сырғанау қауіпті, сондықтан әрбір шаңғышы мен сноубордшының қауіпсіздігін қамтамасыз ететін ең қажетті құрал-жабдықтары болуы керек. Олардың ішінде ең маңыздысы – бипер, яғни қар астында қалған адамды табуға көмектесетін арнайы құрылғы. Сонымен қатар қардың астын мұқият тексеріп, адамды анықтауға арналған құрылғы, ал оны қар астынан қазып алу үшін күрек қажет. Сондай-ақ airbag сөмкесінің болуы маңызды. Ол төтенше жағдайда іске қосылып, адамды қар үстінде ұстап тұруға көмектеседі», – деді «Шымбұлақ» тау шаңғысы курортының құтқарушысы Александр Голованов.

Соңғы аптада Алматы тауларында шаңғышылардың салғырттығынан бірнеше рет қар көшкіні жүрді. Кезекті оқиға кеше болып, үш адам ақ ұлпа астында қалып қойды. Өкінішке қарай, бірі ажал құшты. Құтқарушылар қауіпсіздікке салғырт қарамауға шақырады. Себебі сақтық – өмір кепілі.
Мәди Мәлік, Аида Иманәлі, Әлішер Ерғалиұлы

Оқи отырыңыз: Алматыда бетон араластырғыш пен мопед соқтығысып, бір адам көз жұмды

 

Новости партнеров