Бұл жолаушылар мен теміржол қызметкерлерінің қауіпсіздігіне қауіп төндірді
Жол талғамайтын көлік Медеу — Жетісу аралығында жолаушылар пойызының өтуіне кедергі келтірген, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"12 наурыз сағат 15:46-да Алматы-2-Павлодар бағыты бойынша келе жатқан жолаушылар пойызының машинисі темір жолына белгіленбеген жерден шығып, рельстер арасында қысылып қалған Toyota Land Cruiser маркалы автокөлігінің кесірінен шұғыл тежеуді қолдануға мәжбүр болды. Өтіп бара жатқан теміржолшылар жедел түрде жол талғамайтын көлікті қауіпсіз жерге сүйреп апарды, содан кейін жүргізуші оқиға орнынан қашып кетті. Оқиға салдарынан пойыз 16 минутқа кідірді. Оқиға туралы полицияның желілік басқармасына хабарланды, тергеу жүргізілуде", — делінген таратылған ақпаратта.
2025 жылғы қаңтар-ақпанда теміржол өткелдерінде автокөлік құралдары жүргізушілерінің жол қозғалысы ережелерін бұзуына байланысты 4 жол-көлік оқиғасы (ЖКО) тіркелді. Бұл жолаушылар мен теміржол қызметкерлерінің қауіпсіздігіне қауіп төндірді.
Былтыр теміржол өткелдерінде осындай 26 ЖКО болды. ҚТЖ жол қозғалысының барлық қатысушыларын теміржолдағы қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауға шақырады.
Оқи отырыңыз: 5 жыл бойы қашып жүрген: адам ағзасын саудалады деген әйел Польшада ұсталды