Айрықша жоба мәзіріне түйе және жылқы етінен дайындалған дәмді ас түрлері енгізілген
Биыл Алматыда тұңғыш рет ұлттық нақыштағы бутик қонақ үй мен мейманхана ашылады. Ежелгі дәстүрді заманауи стильмен үйлестірген қонақүй мегаполистегі туризмді дамытуда айрықша рөл атқармақ. Yurta Boutique Hotel & Restaurant аталатын кешен қонақтарын маусым айынан бастап қарсы алмақ, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Өрнектелген ыдыс-аяқ, көшпелілердің тұрмыстық бұйымдары, сондай-ақ тасқа қашалған ежелгі петроглифтер. Бұл Yurta Boutique Hotel & Restaurant-ды – ерекшелейтін ең құнды бөлшектер. Төл мәдениетті жаңғыртып, ұлттық тағам өндірісіне тың серпін беретін айрықша жоба мәзіріне түйе және жылқы етінен дайындалған дәмді ас түрлері енгізіліпті. Сондай-ақ тізімге түркі халқына ортақ ұлттық тағамдар да кіргізілген. Бутик-қонақүйдің орналасқан жері де арнайы таңдалған. Нысан Алматының тарихи-мәдени орталығы Көктөбенің етегінде, Достық даңғылының бойында тұр. Қызығы – бұл жобаны безендіруге этнографтар мен дизайнерлер қатар атсалысқан.
«Бутик-қонақүйдің ішінде 20 бөлме болады. Бізде 170 адам еркін сиятын мейрамхана мен 82 орындық жазғы терраса бар. Ал мейрамхананың ас мәзіріне дәстүрлі тағамдар енгізілген. Мен өзім де ұлттық тағамды сүйсіне жегенді ұнатамын. Бұл – қонақүй форматындағы алғашқы жобамыз. Тағы бір ерекшелік - Qymyz Bar. Мұнда келушілерге қымыздың 20-ға жуық түрі ұсынылады. Одан бөлек, саумал мен шұбат сынды ұлттық сусын түрінен дәм татуға болады», – деді ресторатор, кәсіпкер Александр Орлов
Ал мегаполис тұрғындары қазақ мәдениетін дәріптеу арқылы туристік әлеуетті арттыратын қонақүйлердің аз екен айтып отыр. Жұртшылықтың айтуынша, шетелдік қонақтар үшін ұлттық нақышқа негізделген ғимараттарға барып, қайталанбас дизайнды тамашалау – қызық әрі ұмытылмас тәжірибе болып қала береді.
«Киіз үй форматындағы қонақүйлер форматы туристерге ұнап жатыр. Қарсы емеспіз, көбірек болса, тіпті жақсы», – деді қала тұрғыны Асылай Серікқали.
«Негізінен туристер мәдениетімізбен танысуға, еліміздің қандай екенін көруге келеді. Сондықтан ұлттық стильге сай салынған қонақүйлер мен мейрамханалардың көп болғаны дұрыс», – деді қала тұрғыны Сабина Анарбек.
Мегаполистегі туризмнің өркендеуіне септігін тигізетін тағы бір ерекше жоба – Queen Mountain Resort кешені. Медеу ауданында әрі тау етегінде орналасқан жаңа мейрамхана мамыр айының соңында ашылмақ. Саф ауамен тыныстап, әсем табиғатқа көз тастаған көпшілік мұнда тіл үйірер тағамдардан дәм татады.
«Еуропалық және италияндық негіздегі асхана, сондай-ақ ұлттық тағамдардың түр-түрі болады. Кешеннің ерекшелігі – өзіміздің жеке ірімшік жасайтын құрылғымыз бар. Мұнда бірегей рецепттер бойынша жасалған өнімнің эксклюзивті түрлері дайындалады. Бұл жер өзінің орналасқан аумағы, интерьері және дәмді асымен келушілерді баурап алады», – деді ресторатор, кәсіпкер Александр Орлов.
Атап өтерлігі, жаңа кешеннің аумағында көпге белгілі өнерпаздардың қатысуымен түрлі концертік бағдарламалар мен мәдени іс-шараларды да ұйымдастыру жоспарланған.
Рүстем Айткәрім, Әйкерім Пернебек, Хангелді Ахметхан