Өңірде 20 мыңға жуық халық су тасу қаупі бар жерде тұрып жатыр
Жамбыл облысында 6 елдімекен су басу қаупі бар аймақта тұрса, тағы 6 жерде сел жүруі ықтимал. Сондықтан өңір билігі өзен жағасын нығайтып, бірнеше бөгет салып жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Тараз қаласындағы Қарасай тұрғын үй алабында 5 мыңға жуық азамат бар. Елдімекен Талас өзенінің жағасында орналасқандықтан аса қауіпті аумақ саналады. Себебі 400 метрге жуық жағалауы тым төмен, су тасып кету қаупі бар. Қарасаймен қоса Қызылқайнар, Сарыкемер, Жасөркен, Қостөбе мен Тектұрмас массивінде дә дәл осындай жағдай. Яғни 20 мыңға жуық халық су тасу қаупі бар жерде тұрып жатыр. Сондықтан облыс билігі өзен арналарын тазартып, жеделдетіп бөгет құрылысына кіріскен.
"Жалпы алғанда 260 млн теңгедей қаржы қарастырылып, 6 аймақта тиісті алдын алу шаралары ұйымдастырылуда. Енді 7-аймақ шекарада белгілі болып тұр. Ол жерге "ҚазСуШар» кәсіпорынының техникалары жұмыс істеп, арнаны кеңейту жұмыстарын ұйымдастырды. Үш шақырымды тазалап, жағалауды бекітілді", – деді облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек.
2016 жылы Талас өзені арнасынан асып, жағалай орналасқан ауылдарды су алған. Одан соң облыс билігі бірден 3,4 млрд теңге бөліп, 25 шақырымдық бөгет салды. Мамандардың айтуынша, биыл да қауіпсіздікке басымдық беру қажет. Себебі Талас өзеніне су жіберетін Қырғызстандағы "Чоң қақпа» су қоймасы 86 пайыз толған. Деңгей бұл көлемнен асса, қырғыз тарапы жіберілетін су көлемін арттыруы әбден мүмкін.
"Су тасқынының алдын алу мақсатында ТЖД жергілікті атқарушы органдар және азаматтық қорғау қызметі барлығын қосқанда 485 дана техника 1927 адам 132 мотопомпа қарастырылған. Адамдарды орналастыру үшін 88 орын бекітілген. Сонымен қатар 19 құтқару қайығы бар", – деді Тараз қалалық ТЖБ бастығы Ербол Әміров.
Жауаптылардың айтуынша, Меркі мен Жуалы ауданында орналасқан 6 шатқалда да сел жүруі мүмкін. Осыған байланысты өңірде арнайы штабтың отырысы өткен. Көлбеу ағын бола қалса, сондағы шаруашылықтар қауіпсіз аймаққа көшіріліп, халыққа ескерту жұмыстары жедел жүргізіледі.
Нұрғиса Қаржаубай, Мейіржан Бейсебай, Тараздан
Оқи отырыңыз: Қарғын су: Петропавлдағы саяжай тұрғындары қауіпті аймақта қалып қоя ма