Журналист болғың келе ме: Алматыда жас тілшілер форумы өтті

Іс-шараға еліміздің түкпір-түкпірінен келген 40-қа жуық оқушы қатысты

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда «Журналист болғың келе ме?» атты жас тілшілер форумы өтті. «Ұлан» республикалық балалар мен жасөспірімдер газеті ұйымдастырған іс-шараға еліміздің түкпір-түкпірінен келген 40-қа жуық оқушы қатысты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бұл – газеттің 1930 жылы жарыққа шыққан алғашқы саны. Ол кезде басылымның атауы «Пионер» еді. Бұрынғымен салыстырсақ, қазір газеттің мұқабасы мен айдарлары түгелдей өзгерген. Ал атауы «Ұлан» болды. Ғасыр жасаған басылым жас журналисттердің қадамын нығайтты. Қатарға қосылуына көмек берді. Уақыт ағымына сай өзгеріп, жас ұрпақтың талабына сай бейімделген газет бүгінде өз оқырманының сенімді серігіне айналған.   

«Бұл – форумның екінші күні. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде басталған дәстүрлі жас тілшілер форумы «Ұлан» газетінің редакциясында, қара шаңырақта өтіп жатыр. Таңғы 9:00-ден басталған форум ортасына таяп қалды. Париж олимпиадасының күміс жүлдегері Демеу Жадраевпен кездесу болып жатыр. Балалар сұрақтарына жауап алуда», – деді бас редактордың орынбасары Асылан Тілеген.

Форум аясында газеттің бұрынғы редакторы Жұлдыз Әбділда, Париж олимпиадасының күміс жүлдегері Демеу Жадраев, сондай-ақ нейрохирург Мыңжылқы Бердіқожаев шеберлік сабағын өткізді, тәжірибе бөлісті. Сондай-ақ бұған дейін басылымда тынымды еңбек еткен тілші Әлия Іңкәрбектің «Сен менің мерекемсің» атты кітабының тұсауы кесілді.

 «Бала кезде оқып жүрген газеттің тілішілері қайда жұмыс істейтінін көрдік. Алғыс білдіремін! Форум ұнады», – деді олимпиада жүлдегері Демеу Жадраев.

 «Ұлан» газеті кез келген талапкер мен талантты шыңдайтын ұстахана десем де болады.  Қаламымызды ұштаған, арманымызға қанат бітірген осы форумды ұйымдастырып жатқан ұйымдастырушыларға ерекше алғысымды білдіргім келеді. Мен биыл екінші жыл қатысып отырмын. Форумға негізінен Қазақстанның түкпір-түкпірінен жас өрендер суырылып, өбағын сынады», – деді  жас тілші Әмина Тұрдақын.

Жас тілшілердің басын қосқан форум – болашақ журналистерге берілген үлкен мүмкіндік. Олар сөз қадірін түсініп, ақпарат әлеміне қадам басып жатыр. «Ұлан» газеті осылайша ұрпақтар сабақтастығын жалғап, жаңа буынның қаламын ұштап келеді.

Айжан Дайрабай, Жақсылық Тілепберген

Оқи отырыңыз: Елімізде «педагог-профориентатор» лауазымы енгізілді

Новости партнеров