Қазіргі уақытта Ақордада жоғары деңгейдегі келіссөз жүріп жатыр
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада Қазақстанға ресми сапармен келген Словения Президенті Наташа Пирц-Мусарды қарсы алды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.
Алдымен Қасым-Жомарт Тоқаев пен Наташа Пирц-Мусар бір-біріне ресми делегация мүшелерін таныстырды. Осыдан кейін мәртебелі мейманның сапарына орай Салтанатты рәсімдер залында сап түзеген құрмет қарауылының бастығы Мемлекет басшыларына сәлемдік баянат берді. Президент оркестрі екі елдің мемлекеттік әнұранын орындады.
Әнұрандарды тыңдап болғаннан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Наташа Пирц-Мусар кілемше бойымен Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туына қарай жүрді. Оның алдына келгенде мейман тоқтап, басын сәл иіп, өзінің құрметін білдірді. Сонан соң мейман мен Президент құрметті қарауыл сапының бойымен жүрді. Құрметті қарауыл бастығымен қоштасты.
Қазіргі уақытта Ақордада жоғары деңгейдегі келіссөз жүріп жатыр.
Оқи отырыңыз: «Алматы – біздің ортақ үйіміз»: қала тұрғындары аулаларды абаттандыру акциясына белсенді қатысуда