Солтүстік Қазақстан облысында сыбайлыс жемқорлыққа қарсы департамент қызметкерлері лауазымдық өкілеттікті асыра пайдалану дерегін анықтады. Бүгінде Есіл ауданы әкімінің орынбасары мен селолық округ әкіміне қатысты сотқа дейінгі тергеу басталды. Олар мемлекетке материалдық шығын келтірді деген күдікке ілініп отыр. Өңірдегі тіркелген жемқорлық фактілері жайлы Almaty.tv тілішісі баяндайды.
Солтүстік Қазақстан облысы Есіл ауданы әкімінің орынбасары мен селолық округ әкімі бюджет қаражаты есебінен жеке пайдалануға арналған жүк көлігін сатып алды деген күдікке ілінді. Сонымен бірге, сумен қамтамасыз ету жүйесінің жөндеу жұмыстарына ауылға 4 млн теңге қаражат бөлінген. Тергеу мәліметінше, жергілікті шенеуніктер ол қаражатты өз керегіне жаратқан. Бұдан басқа, оларға мемлекеттік мүлікті заңсыз сатты деп айып тағылды.
«Олар 2020 жылдың мамыр айынан бастап маусым айына дейінгі аралықта жеке меншік ұйымды тарту арқылы ауылдық округ әкімдігінің балансында тұрған бұрынғы мекеменің металл құрылғысын заңсыз бұзу және сату арқылы мемлекетке 2,5 млн теңге көлемінде материалдық шығын келтірді деп күдікке ілініп отыр. Қазақстан Республикасының қылмыстық-процесстік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат тергеу мүддесі үшін жариялауға жатпайды», – деді Облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаментінің басқарма басшысы Дамир Хабибулин.
Бұдан бөлек сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаменті Петропавл қаласының мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық инспекторларының біріне қатысты сотқа дейінгі тергеуді бастады. Ол сатушылардың етті міндетті тауарлық-ілеспе құжаттарынсыз сатқаны үшін күніне екі мыңнан он мыңға дейін пара алған болуы мүмкін дейді. Бұл іс бойынша үш жеке кәсіпкерге қатысты да тергеу жүргізіліп жатыр.
«Қазір сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүріп жатыр. Соңғы шешімді сот тергеу әрекеті аяқталғаннан кейін шығарады. Барлық ақпаратты тек прокуратураның келісімімен бере аламыз. Біз шектен тыс шыға алмаймыз. Айта алатыным, бұл іс маусым айында басталған болатын. Заңсыз сыйақы алудың сыбайлас жемқорлық тәуекелі осы тергеуді бастауға негіз болды», – деді Облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаментінің басқарма басшысы Дамир Хабибулин.
Сондай-ақ, сыбайлас жемқорлыққа қарсы департамент «Мемлекеттік ұлттық парк» аудандық филиалының директорына қатысты тергеу жүргізуде. Ол саябақ аумағында қорықшыға елікті заңсыз атуға нұсқау берген. Аталған қылмыс бойынша директор мен аңшыға қатысты атыс қаруын қолдана отырып, заңсыз аң аулау фактісі бойынша айыпталып жатыр. Бұған қоса, филиалдың директоры тарапынан ағаш кесушілерден отын дайындауға рұқсат қағазы үшін жүйелі түрде пара алу фактілері анықталған. Салдарынан қоршаған ортаға 694 мың 500 теңге шығын келген.