Үндістандағы атыста қаза тапқандар саны 26-ға жетті

EPA/FAROOQ KHAN
EPA/FAROOQ KHAN

Қаза болғандардың барлығы – ер адамдар

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Үнді билігі Джамму мен Кашмир одақтас аймағында сейсенбі күні болған терактіден қаза тапқан 26 адамның аты-жөнін жариялады. Бұл тізімді News18 телеарнасы таратты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Мәліметтерге сәйкес, қаза болғандардың барлығы – ер адамдар. Олардың көпшілігі елдің өңірлерінен келген туристер. Бұған дейін, құрбандардың арасында кемінде екі шетел азаматы – Біріккен Араб Әмірліктері мен Непал азаматтары бар екені хабарланған.

ANI агенттігінің мәліметінше, Үндістанның қауіпсіздік күштері террористерді іздеп жатыр жатыр. Аталған аумақ қоршауға алынып, полиция мен әскер кіріп-шығып жатқан барлық көлікті тексеріп жатыр.

Үндістан премьер-министрі Нарендра Моди лаңкестік оқиғаға байланысты Сауд Арабиясына жасаған сапарын тоқтатып, Нью-Делиге оралған бойда таңертең шұғыл кеңес өткізді. Кеңеске бірқатар министр мен ведомство басшылары қатысты.

Джамму мен Кашмирде жүрген Үндістан ішкі істер министрі Амит Шах бүгін теракт болған жерге баруы мүмкін.

Көптеген туристер оқиға болған Джамму мен Кашмир өңіріннен асығыс кетіп жатыр. Ал жергілікті тұрғындар мұндай шабуылдарға қарсы жаппай наразылық шарасын өткізуді ұйғарған. Осыған байланысты аймақтағы көптеген мекемелер бүгін жұмыс істемейді.

Атыс сейсенбі күні күндіз туристер жиі баратын Пахалгамда, яғни «Үндістанның кішкентай Швейцариясы» аталып кеткен жерде болған. Хаки түсті киім киген белгісіз қарулы адамдар Байсаран аңғарында жүрген туристерге оқ жаудырған.

Оқи отырыңыз: Мәжіліс зияткерлік меншікті дамытуға жағдай жасайтын құжатты мақұлдады

 

Новости партнеров