Климент Тимирязев: «Алматы көшелері» бағдарламасының жаңа шығарылымы шықты

Almaty.tv
Almaty.tv

Алматыда соңғы үш жылда 650 шақырым жол жөнделіп, 100 шақырым жаңа жол салынды

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Әр шығарылымда авторлар тұрғындармен, тарихшылармен және сәулетшілермен бірге осы уақытқа дейін белгісіз болып келген деректі ашады. Сонымен қатар, қала билігінің өкілдерімен бірлесіп, қоғамдық кеңістіктерді, көшелер мен даңғылдарды жаңарту және өзгерту жоспарын айтып береді.

Алатаудың құшағында жатқан әсем қала Алматының көркем көшелері мен даңқты даңғылдарының әрқайсысы алып шаһардың мыңжылдық тарихынан сыр шертеді. Ал сәулеті мен сәні келіскен заңғар ғимараттар тұмса табиғаттың көркін ажарландырып келеді. Тарихи, мәдени һәм әлеуметтік нысандарға толы мегаполис орталығындағы көшенің бірі Тимирязев те – маңызды магистральдің бірі.

Бұл көше өткен ғасырдың 60-70 жылдары қалыптаса бастады. Көктем-1, Көктем-2 шағынаудандары салынып, қаланың оңтүстігі дамығанда ол да көркейе түсті. Көшеге табиғат зерттеушісі Климент Тимирязевтің есімі әу бастан-ақ берілген, содан бері өзгермеді. Сол кезде бұл магистральге жасыл желектер мен аз қабатты тұрғын үйлер ерекше сипат берді. Одан соң заман талабына сай заңғар ғимараттар бой көтеріп, маңызды нысандар салына бастады.

«Көше көркейіп келеді, бірақ қанша өзгерсе де тарихи келбетін сақтап тұр. Бұрын бала күнімде осы маңда жиі жүретінмін, балалық шағым осында өтті деуге болады. Ғимараттар салынып, ажарлана түсті. Дегенмен көзге жылы ұшырайтын, көп нәрсені еске түсіретін нысандар аз емес», – деді қала тұрғыны Руслан Бисембаев.

Көше қаланың оңтүстік бөлігінде Бостандық ауданында орналасқан. Желтоқсан көшесінен батысқа қарай Жандосов көшесіне дейін созылып жатқан жолдың ұзындығы 4550 шақырым. Бойындағы маңызды нысанның бірі - әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті. Көшеге көрік беріп тұрған заңғар ғимарат та - осы. 1934 жылы негізі қаланған оқу ордасы өз қызметін бастаған жылдардан-ақ ел дамуына үлес қосқан мыңдаған маман иелерін даярлап шығарды. Былтыр 90 жылдығын атап өткен ұлттық университет те студенттерге жайлы жағдай жасап, жыл санап көркейіп келеді.

Алматының көруге таңсық көрікті ғажаптарының бірі ботаникалық бақ та Тимирязевтің бойында орналасқан. Республика түгіл, дүниежүзінің өсімдік әлемінің аса бай қазына-қоры осында сақталып келеді. Одан бөлек, көшеде сауда ойын-сауық орталықтары, саябақтар, шағын скверлер орналасқан. Сондай-ақ қала тарихынан сыр шертетін нысан – Атакент іскерлік-ынтымақтастық орталығы.

Атакентті алматылықтар жиі көрме деп те атайды. Мұндағы павильондар сол кезде салынып, әлі күнге дейін мұнда түрлі сала мамандары көрме ұйымдастырады.

Ал 2017 жылы Тимирязев көшесінде БРТ желісі іске қосылды. Автобус пен троллейбустар жүйткіп, ондағы жолаушылар легі едәуір арта түсті. Жол қозғалысы жеңілдеп, жүктеме азайды.

«Болашақта бұндай коридорлар көбейе береді. Өйткені біз Алматының кептелісінен арылу үшін сондай-ақ экологиялық жағдайды жақсарту мақсатында, жеке көліктердің санын азайтып қоғамдық көлікке басымдық беруіміз тиіс», – деді Мобилділік басқармасының бөлім басшысы Данияр Надырханов.

Мамандардың сөзінше, Тимирязев Байтұрсынов көшелерінің қиылысында аяқталатын БРТ желісі енді шығысқа қарай Желтоқсан көшесіне дейін ұзарады. Одан соң төмен қарай Райымбек даңғылына дейін жетеді деп жоспарланыпты.

Мегаполистің барлық ауданында абаттандыру және жаңғырту бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілуде.

Айта кету керек, үш жыл ішінде Алматыда 85 жаңа орын құрылып, 71 қоғамдық кеңістік қайта жаңартылды. 650 шақырым жол жөнделіп, 100 шақырым жаңа жол салынды. 2025 жылы тағы 300 шақырымды орташа жөндеумен қамтып, 35 шақырымнан астам жаңа жол салу жоспарлануда.

Сондай-ақ мегаполисті абаттандыру аясында «Қасбеттен қасбетке дейін» жобасы шаһардың 10 көшесінде жүзеге асады. Олардың қатарында Пушкин және Жібек жолы, Достық бар. Жоба шеңберінде тротуарлар ретке келтіріледі, жасыл желек отырғызылып, тұрғын үй аумақтары түрленеді.

Еске салайық, Almaty TV-де «Made in Almaty»«Шаһар шырайы», «Экономика жаңалығы» және «Қала тынысы» сынды бірқатар жаңа бағдарлама эфирге жол тартты. Сонымен қатар алдағы уақытта «Алматы аудандары» және «Кері байланыс» жобаларын шығару жоспарда бар.

Оқи отырыңыз: Алматы көшелері: БРТ желісі Желтоқсанның бойына салынады

Новости партнеров