Ақбикеш мұнарасы құлап қалды: арнайы комиссия жұмыс істеп жатыр

XIII ғасырдан бері сақталған тарихи нысан 2021 жылы алғаш рет қайта жаңартудан өткен

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Түркістан облысындағы Ақбикеш мұнарасының бір бөлігінің опырылуына байланысты арнайы комиссия жұмыс істеп жатыр. Жауаптылардың сөзінше, республикалық маңызы бар нысан биыл қалпына келмек, деп хабарлайды  Almaty.tv тілшісі.

XIII ғасырдан бері сақталған тарихи нысан 2021 жылы алғаш рет қайта жаңартудан өткен. Алайда мұнараның сапасы бір жылдан кейін-ақ сыр бере бастапты. Ал биыл талай ғасыр тапжылмай тұрған жәдігердің бір бөлігі опырылып түсті.

 «XIII-XIV ғасырдан бері келе жатқан ғимарат еді. Өкінішке қарай, биыл реставрация жұмыстары жүргізілуі керек болып жатыр. Ауа райының қолайсыздығына байланысты шөгіп тұрған ескерткішіміз құлады десек те болады», – деді Ақсүмбе ауылының тұрғыны Нағима Рысдәулетова.

Ақбекеш мұнарасы мәдениет министрлігінің қорғауында. Биыл бір бөлігі құлап қалғаннан кейін «Қазқайтажаңарту» мекемесінің өкілдері нысанның жан-жағын қоршап кеткен.

 «Орталық Азиядағы қарауыл функциясын орындайтын мұнараның біреуі құлап жатса, бізге сын. Басында дұрыс жасалмаған, жөндеу кезінде қателіктер кеткен. Тиісті мекеме реставрация жұмыстарын жүргізеді деп ойлаймын», – деді облыстық мәслихаттың депутаты Қалыйма Жантөреева

Ал аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков жәдігерді қалпына келтіру үшін арнайы машықтанған, білікті мамандар тартылуы керек деп отыр.

 «Биыл республикалық комиссия келді. Өзімізден азаматтарды қостық. Менің ойымша қайта бәрін қалпына келтірген дұрыс сияқты», – деді Созақ ауданының әкімі Мұхит Тұрысбеков.

Қазір бұл мәселеге байланысты арнайы жұмысшы тобы құрылған. Қалпына келтіру ісі енді арнайы комиссияның шешіміне сәйкес жүргізілмек.

Нұркен Әкімхан, Түркістан облысынан

Оқи отырыңыз: Халықтың рухын көтеретін, күш-қуат беретін фильмдер керек - тұрғын

Новости партнеров