Алматылықтар да Президенттің «Кинотеатрға шығатын фильмдерге сүзгі қажет» дегенімен келіседі
«Шапшаң да аламан ғасырда шаң қауып қалмас үшін жыл сайын Ұлттық құрылтай өткізу маңызды». Бұл – халық жазушысы, кинодраматург Смағұл Елубай пікірі, деп хабарлайды Almaty.tv.
Қаламгердің сөзінше, Бурабайда өткен Ұлттық Құрылтайда көптің көкейінде жүрген маңызды мәселелер қозғалды. Жазушы «Мемлекет басшысының тіл мен кино саласына қатысты айтқаны ұнады», дейді. Өйткені ол мәселелер – ұлттың жаны, халықтың тілі һәм дидары дегенді баса айтты. Сондай-ақ Президенттің халықтың әлеуметтік жағдайын көтеру бойынша білдірген пікірін қолдады.
«Ұлтты ұйыстырып, әлеуметтік жағдайын,оның білімін көтеру үшін Ұлттық Құрылтай өмірге келген болатын. Құрылтай өзекті мәселелерді күн тәртібіне шығарып, қанша ащы болса да ашық айтуымен құнды болып отыр. Алдыңғы құрылтайлар да солай өткен, бұл құрылтай да солай өтті және солай өтуі тиіс деп білеміз», – деді Қазақстан халық жазушысы Смағұл Елубай.
Алматылықтар да Президенттің «Кинотеатрға шығатын фильмдерге сүзгі қажет» дегенімен келіседі. Қала тұрғындары кино сапасының төмендігіне қатысты қоғам тарапынан сын көп екенін айтады.Мемлекет басшысы құрылтайда сөйлеген сөзінде «көрерменнің көңілін көтеріп, күлкі сыйлау – бір бөлек, ал жағымсыз әдеттерді насихаттау – мүлде басқа нәрсе. Соңғы уақытта зорлық-зомбылықты, қатыгездік пен қылмысты насихаттайтын фильмдер де пайда болды. Осы мәселені ескерген жөн» деген.
«Күллі-мазақ кинолар дәл қазір бізге керек емес. Тарихи кинолар болса, халықтың рухын көтеретін, күш-қуат беретін фильмдер керек деп ойлаймын, – деді қала тұрғыны Салым Шөкішов.
Оқи отырыңыз: Құрылтайда әлеуметтік "зұлымдықтармен" күресте жаңа бағыт керек екені айтылды - Әкежан Кеңесов